Суды ысырапсыз пайдалану мәселесі әлі де өзекті. Дүниежүзілік банктің болжамына сүйенсек, алдағы 20-25 жылда Орта Азия халқы су тапшылығынан қиындық көруі ғажап емес. Сондықтан сұрауы бар суды үнемдеудің жолдарын қарастырып, су инфрақұрылымдарын салу мен ескісін жаңғыртуға көңіл бөлген дұрыс дейді мамандар. Бұл жерде трансшекаралық өзендерді тиімді пайдаланумен қатар ылғалды аз қажет ететін дақыл түрлерін таңдау маңызды болып отыр.

        Бүгінде елдегі жер үсті суларының жартысына жуығы көршілес елдердің аумағынан келеді және оның 65 пайызы ауылшаруашылығы саласына жұмсалады. Осыған орай трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша сала мәселелері үкіметаралық келісімдер аясында шешілуде. Айталық, осы айда Орал және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөнінде Қазақстан ‒ Ресей ынтымақтастығы бағдарламалары қабылданды. Ауқымды бастама аясында су алмасуды жақсарту үшін су жіберу құрылыстарын реконстрциялау шаралары қарастырылып, сумен толық қамтамасыз ету үшін Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді. Су инфрақұрылымын салу және оны жетілдіру мәселесін жан-жақты қамтыған бағдарлама су үнемдеу технологиясын енгізуді, суды есепке алу мен бөлуді6 цифрландыруды, сондай-ақ су шығынын азайтуды көздейді. Осы ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин агроөнеркәсіптік секторды сапалы әрі кепілдендірілген су көлемімен қамтамасыз ету еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтты.

       Енді елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы су қымбаттауы мүмкін деген болжам да жоқ емес. Себебі су бағасын қымбаттату мәселені оңынан шешеді дейді экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов: «Біз бүгінде гидротехникалық қондырғыларды бюджет есебінен жөндейміз. Неліктен бұлай жасауымыз керек?! Егер су бағасын қымбаттатсақ, бюджетке айтарлықтай салмақ түсірмейтін едік. «Қазсушаруашылығы» сынды мекемені ұстап тұру да дұрыс емес. Оған жұмсалған қаржыны фермерге қолдау ретінде ұсынсақ, көптеген мәселе шешімін табар еді». Вице-министрдің бұл пайымына сүйенсек, салаға өзгеріс әкелу үшін біршама уақыт керек тәрізді.

       Су ресурстарын үнемдеуге қатысты баса назар аударатын тағы бір жайт, жыл сайын егілетін дақыл түріне байланысты болып отыр. Көпшілікке мәлім, Қызылорда, Алматы және Түркістан облысында ылғалды көп қажет ететін күріш дақылы әдеттегі жоспардан артық егіледі. Шекті мөлшер 75 мың болуына қарамастан аймақта жыл сайын 90 мың гектардан астам алқапқа ақ маржан өсіріледі. Өнім көлемінің артуы ел экспортын дамытқанмен, су жеткіліксіздігіне себеп болуда. Сондықтан Экология министрлігі жауапты мамандарға суды көп қажет етпейтін басқа дәнді-дақылдарды таңдау керегін ескертті. Кезекті Үкімет отырысында «Бұған жұмсалған елеулі су көлемін экономикалық тұрғыдан тиімдірек дақылдарды – көкөністер, жеміс-жидектер, рапс, соя өсіруге жұмсауға болар еді. Сондықтан әкімдіктер бекітілген егіс жоспарын қатаң ұстануы тиіс» – дейді премьер-министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!