Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

KAZINFORM – Қытайға дайын өнімнің экспортын 2,5 есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.

«2029 жылға қарай экспорт көлемін 45 миллиард долларға жеткізу үшін негізгі бағыттар анықталды. Ең алдымен, Қытайға басым назар беріліп отыр. Орта мерзімді перспективада дайын өнімнің экспортын 2,5 есеге ұлғайту және 12,5 млрд долларға дейін жеткізу мақсатын алдымызға қойып отырмыз (2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚХР-ға шикізаттық емес тауарлардың экспорты 5 млрд долларды құрады)», – деді А. Шаққалиев.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын арттыру бойынша қарқынды жұмыс атқарылып жатыр, шекара маңындағы сауданың тиісті инфрақұрылымы құрылуда.

«Таяу Шығыс елдерінде сұранысы жоғары тоңазытылған қой еті, құс еті және өзге де тауарларды жеткізуді ұлғайту пысықталып жатыр. Біз үшін қазақстандық азық-түлік және органикалық өнімдерді сатып алуға, сондай-ақ экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру бағытында жұмыс істеуге дайын Еуропа одағының нарықтары да басым бағыт ретінде сналады», – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!