Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы мен Ормуз бұғазының жабылуы жаһандық экономикаға елеулі соққы беруі мүмкін. Ирактың сыртқы істер министрі Фуад Хусейннің айтуынша, мұнай бағасы барреліне 200-300 долларға дейін қымбаттауы ықтимал, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Министр Фуад Хусейн Германия парламентінің мүшесі Йоханн Вадефульмен телефон арқылы сөйлесу барысында Ормуз бұғазының жабылуы Парсы шығанағы мен Ирактан тәулігіне шамамен бес миллион баррель мұнайдың экспортталмауына әкелуі мүмкін екенін айтты.
«Бұл Еуропа елдеріндегі инфляцияның өсуіне және Ирак сияқты өндіруші елдер үшін мұнай экспортын қиындатуға себеп болуы ықтимал», – деді ол.
Өз кезегінде Йоханн Вадефуль Германия Ирактың қақтығысқа тартылуына жол бермеу үшін серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«Біз Ирак үшін қауіпсіздік пен тұрақтылықты қалаймыз», – деді неміс саясаткері.
Екі елдің сыртқы істер министрлері Иран мен АҚШ, сондай-ақ Еуропа елдері арасындағы ирандық ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл шиеленісті төмендетуге бағытталған негізгі қадам ретінде бағалануда.
Айта кетейік, Тегеран Израиль тарапынан ирандық ядролық және әскери нысандарға жасалған соққылардан кейін Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігін жоққа шығармады. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы және сұйытылған табиғи газдың 30 пайызы тасымалданады. Израильдің Иранға шабуылынан кейін Brent маркалы мұнай бағасы бірден 13 пайызға өсіп, барреліне 78,5 долларға жетті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!