Қазақстанда 9 банк таратылып жатыр. Аталған банктің салымшылары өздеріне тиесілі қаражатын 3 шілдеге дейін ала алады. Бұл туралы ҚазАқпарат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына сілтеме жасап хабарлайды.

Таратылып жатқан банктердің салымшыларына кепілдік берілген өтем сомасының 98%-дан астамы төленген. Бұл шамамен 113,1 млрд теңгені құрайды. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік берілген өтемді төлеу және талап етілмеген өтем сомаларын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару тәртібін түсіндірді. «Таратылатын сегіз банктің салымшылары өздеріне тиесілі өтем ақшаларды соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін ала алады.

Бұл «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшылары. «Capital Bank Kazakhstan» АҚ лицензиясынан кейінірек айырылғандықтан, оның салымшыларының кепілдік берілген өтемді соңғы күнін қоса алғанда биылғы жылдың 3 шілдесіне дейін алуға мүмкіндіктері бар», – делінген хабарламада.

Өтем алуға өтінішті дәстүрлі тәсілмен де Төлемдердің электрондық порталы (ТЭП) арқылы онлайн түрінде де беруге болады. Төлем мерзімі аяқталған соң, талап етілмеген өтем сомалары салымшылардың БЖЗҚ-да ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады.

Таратылатын сегіз банктің клиенттері өтем ақшаларының БЖЗҚ-ға аударылуын ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін , ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары 2 тамызға дейін күте алады. Ал төлем мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алған салымшы жазбаша өтінішпен Қорға тікелей жүгіне алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!