Каспи банк арқылы жасалатын аударымдардан салық алынады деген ақпараттың шыққаны белгілі. Бұл көпшілікті ойландырып қойды. Тіпті, такси жүргізілушілері қолма-қол ақшаны талап етті. Дүкендер мен сауда орындары да каспи голд арқылы төлем жасалмайтыны туралы дабыл қақты. Өзгерістің қарапайым халыққа ешқандай қатысы жоқ.

Халық бұған дейін де, бұдан кейін де өз аударымдарын ешқандай пайызсыз жүргізе береді. Өзгеріс шағын және орта кәсіпкерлерге бағытталған еді. Ақшаны миллиондап тапсаңыз, белгілі бір пайызын салыққа жұмсаңыз. Онда да жарлыққа Президент қол қойған жоқ. Демек, заң әлі күшіне енбеген.

Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев шағын кәсіпкерлік саласындағы нақты ақша айналымын тіркеу бағытында министрлік тарапынан атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып өтті. «Қазір ақшаны Kaspi Gold-пен аудара салу кең таралып тұр. Бұл мәселені біз Ұлттық банк және Kaspi Bank-пен талқылап жатырмыз. Төлем жүйелері туралы заң тұрғысынан алсақ, оның заңға томпақ келетін тұсы жоқ. Ал Салық кодексі тұрғысынан келер болсақ, операциялар тіркелмейтіндіктен, заң мен фискализацияға қайшы», – деп мәлімдеді.

Журналист Гүлмира Әбіқай халықты дүрліктірген ақпаратты кеңінен талдады.

– «1 желтоқсаннан бастап Kaspi аударымдарына салық салынады екен». Бұл негізсіз ақпарат. Kaspi ғана емес бұл барлық банктердің мобильді қосымшаларындағы аударымдарға қатысты. Уақытына келсек, бұл заңға Президент қол қойған жоқ. Мәжіліс, Сенат бекітті. Қол қоюға жіберілді. Қол қойылып, ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді. 1 желтоқсан, 1 қаңтар деген нақты мерзім жоқ. Кез-келген адам ұялы қосымша арқылы аударым жасаса салық ұсталады деген ақпарат та жалған.

Бұл нағыз аңыз. Бұл өзгерістің жеке адамдардың аударымдарына қатысы жоқ. Дос, туыс, жақындарыңызға бұрынғыдай ары-бері еркін аударып жүре беріңіз. Сізден ешкім «не үшін қабылдадың не аудардың» деп сұрамайды. Жеке тұлғалардың аударымында ешкімнің шаруасы жоқ. Ол тек кәсіпкерлерге қатысты. Кәсіпкерлер (дүкендер, бутиктер) қолма-қол ақшамен ғана аламыз дейді. Көбісі қолма-қолға көшсек салық төлемейміз деп ойлайды. Бұл қате. Қолма-қол төлемге де салық салынады. Кәсіпкер қолма-қол ғана алам десе түбіртек беруді талап етіңіз. Бас тартып, аулақ жүр десе салық органдарына шағымданыңыз. Бұл ұят емес. «Зат сатып алу кезінде аударым арқылы төлесек +3% сұрап жатыр». Бұл заңсыз. Өйткені заң әлі күшіне енген жоқ. Кәсіпкерлерді ешкім әлі бақылап жатқан жоқ. +3% алғандар түбіртек беріп жатқан жоқ. Өзгеріс тек Kaspi-ге арналмаған, Заң барлық банкке ортақ.  «Kaspi Gold-пен төлем қабылданбайды деген ақпарат таратып жатыр». Бұл да қате ақпарат. Кез-келген жерде Kaspi Gold-пен төлем қабылданады. Kaspi Gold жұмыс істеп тұр. ЖК, ЖШС бар, бірақ күнделікті аударымға қатысы жоқ кәсіпкерлер де бақылана ма?

Күнделікті аударымға қатысы жоқ ГПХ негізінде айлық, қаламақы, қызмет ақысын алатын кәсіпкер ретінде тіркелуге мұқтаж болғандарға алаңдауға негіз жоқ. Заңды салығын төлеп, қызмет не тауар ақысын онлайн қабылдағысы келетін кәсіпкерлер не істеуі керек? Кәсіпкерлер тауар не қызмет ақысын бұрынғыдай жылдам, онлайн қабылдай алады. Банкоматқа кезекке тұрамыз ба, қолма-қол ақшаны қайта алып жүреміз бе? Алып жүрмесеңіз де болады. Мемлекеттің талап етіп отырғаны төлем қабылдадың ба, табыстан салық төле», – дейді журналист .

Кәсіпкерлер салық төлемеу үшін Kaspi Gold-тың жеке ақша аударымын тауар немесе қызмет төлемдерін жасаған кезде жиі пайдаланатын болған. Қолайлы әрі оңай төлем жүргізудің бұл түрі Қазақстан тұрғындарының арасында кең қолданысқа иеболуда. ҚР-ның қаржы министрлігі мен Kaspi банкімен бірлесе отырып, бұл төлем жүйесін қалай заңдастыруға болатынын талқылады.

Қазіргі таңда Қазақстандағы ірі банктердің бірі Kaspi банк клиенттері телефон нөмірі тіркелген карточкалар арқылы қолма-қол ақшасыз жүргізілетін төлем түрін кеңінен қолданады. Бұл төлемді жүзеге атқаруда комиссия ұсталмайды екен. Сол себепті ыңғайлы төлем тәсілі бүгінгі күні такси, азық-түлік, шаштараз және көлік жуу және т.б. қызметтерді жүзеге асыруда пайдаланылады.

«Бүгінде Kaspi Gold төлемдері – өте танымал механизм. Ол төлем жүйесіне қатысты заңдардың барлық талаптарына сай келеді, бірақ салық кодексі мен фискализация талаптарына қарама-қайшы. Біз бұл механизмге тыйым салғымыз келген, алайда экономикаға кері әсер етеді-ау деген оймен бұл шешімнен бас тарттық», – деді қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев брифингте.

4 қараша күні вице-министр тағы да мәлімдеме жасады. Сөзінше, картадан картаға жылдам ақша аудару жүйесі қазіргі кездегі ең ыңғайлы төлемнің бірі. «Әрине, мұндай ақшаны оңай аудару механизмі қолма-қол ақшасыз төлем жүйесінің дамуына алып келді. Ұлттық банк мәліметінше, былтырғы жылмен салыстырғанда бұл жылы қолма-қол ақшасыз төлем 2,1 есе өсіп, көлемі 92,6 пайызға жеткен» – деді Еңсебаев. Дегенмен, қаржы министрлігі бұл төлем жүйесін бақылау мүмкін емес екендігін, фискалды чексіз азаматтардың құқығы ескерілмейтінін және салықтың төленбей қалуын ескеріп, алаңдап отыр. Осы жағдайды түзеу мақсатында қаржы министрлігі мен Kaspi банк басшылығы бірлесіп жұмыс атқаруға кірісті. 

«Бұл туралы Kaspi банктің басшысы Михаил Ломтадзе де айтқан болатын. Алдағы уақытта клиенттен клиентке бағытталған төлем тәсілінің орнын басатын жаңа әрі тегін құрал жасалатын болады», – деді Руслан Еңсебаев.

P.S Салықтан жалтарып жүргендер көп. Табыс көзін жасыратын кәсіпкерлер де жоқ емес. Бұл мәселенің алдын алуда қандай да бір шешімді жүзеге асыру керектігін ескерген депутаттар алдағы уақытта оңтайлы шешімді қолға алады деп сенеміз.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!