Фото:comnews.ru

Жыл сайын түрлі статистиканың саны өсіп, қарқын алатыны алаңдатса да, салдарына үңілмейтін болдық. Оған қолбайлау бола алмайтынымызды білеміз. Десек те, күресу керек көрсеткіштер бар. Мәселен, жыл басында еліміздегі NEET санатына кіретін жастардың үлесі 6,2 пайызға жетті. Яғни әр он алтыншы жас оқу мен жұмыс жүйесінен тыс қалды. Ал жазға қарай баға өсімі қайта үдей бастағанын байқадық.

Осы орайда тамыздағы жылдық инфляция 12,2 пайызға көтерілгені замандастың табысқа қатысты талабын байқатып тұр. Осы орайда тұрақты айлықтан гөрі еркін, жылдам және тәуекелі жоғары табыс көздеріне қарай ойысу көзге ұрады. Әлеуметтік желідегі өмірдің ырғағы да бұл көңіл күйді күшейтеді, қаңтардағы мәліметке қарасақ, елдегі халықтың шамамен төрттен үші әлеуметтік желілерде белсенді, демек маркетинг пен мотивациялық контент, байлық туралы қысқа роликтер, трейдинг пен крипто оқиғалары күнделікті айтыла беретін тақырыпқа айналған.

Криптовалюта көп жас үшін еркін талқыға айналған тақырып болды. Соңғы екі жылда оған иелік ететіндер үлесі екі есеге жуық өскен. 2022 жылы шамамен төрт пайыз болса, 2024 жылы сегіз пайызға жетті. Бұл қызығушылықтың желік емес, тұрақты үрдіске айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында биылғы жылдың алғашқы тоқсанында тіркелген пайдаланушылар саны жетпіс төрт мыңнан асты. Цифрлық активтер туралы жаңа ережелер де жыл басынан күшіне енді. Яғни ойын алаңы бар болса, оның тәртібі де бар. Соны ескеру керек.

 Еркіндік артқан жерде тәуекел де көбейеді. Өткен жылы елде интернет алаяқтыққа қатысты он бір мың жеті жүз алпыс бес іс тіркелді. Бұл санның артында босқа кеткен депозиттер, фишинг, жалған инвестициялық платформалар тұр. Әлемдік деңгейде крипто хакерлік шабуылдарынан болған шығын екі бүтін оннан екі миллиард долларға дейін ұлғайды. Нарық қызған сайын қылмысқа да мүмкіндік көбейіп жатқаны күйіп тұрған тақырып. Қазақстандағы реттеу екіұдай рөл атқаратынын байқадық, өйткені бір жағынан жаңа мүмкіндіктер есігін ашады. Биыл күзде Қытайдың офшорлық юаніне тіркелген тұрақты монета біздің нарықта лицензия алып, жұмысын бастады деген ақпарат бар. Бұл трансшекаралық төлемдерге жаңа серпін береді деген сөз. Ал екінші жағынан сүзгі қызметін күшейтеді. Реттеуден тыс жұмыс істейтін биржаларды жабу туралы хабарлар жиілегенін байқап келеміз. Тіпті қадағалаусыз сауда арналарын қысқарту басталды. Цифрлық активтерді сатуға рұқсат Астанадағы қаржы орталығы юрисдикциясына берік байланған. Осы орайда қарапайым мына нәрсені түсіну керек: мүмкіндік бар, бірақ ол тәртіппен ғана жүреді.

Жастардың тұрақсыз табысқа әуестігін жалқаулықпен түсіндіру қате. Бұл көбіне сенім мен перспектива логикасына саяды. Жұмыссыздық төмен болғанымен, оқу мен еңбек жүйесінен тыс қалған жастар үлесі бар. Баға қайта жеделдеген кезде бүгінгі теңгенің ертеңгі күнге кепіл бола алмайтындай сезім күшейеді. Сол сезім тәуекелге баруды ақтайды. Осы орайда, криптовалюта тек қауіп емес, жаңа дағды мектебі екенін айтқан жөн. Нарық логикасын ұғу, тәуекелді бағалау, киберқауіпсіздік ережесін сақтау, ақпаратты тексеру сияқты қабілеттер дәл осы ортада тез қалыптасады. Бірақ дағдыға уақыт бөлмей, тек оңай олжа іздеген көңіл күй үстем болса, крипто еркіндік емес, қаржылық құзға айналады. Осы тұста қоғамның да міндеті бар. Қаржылық сауат, цифрлық гигиена, инвестиция мәдениеті туралы ашық сөйлесу қажет. Жоғалтқан салымды жасырмай айту ұят емес, білімсіз тәуекел ғана қауіпті.

Айта кететін жайт жастар үшін ұтымды жол қарапайым. Тірек болатын тұрақты табыс керек. Соның қасында тәжірибе ретінде шағын капиталмен жоғары тәуекелді бағыттарды сынап көрген дұрыс. Жоғалтса ауыр тимейтін қаржымен ғана нарыққа кіргенде, соңында сан соқпауыңыз мүмкін. Бірақ есте сақтайтын маңызды дүние заңға бағынатын платформаларды таңдап, реттеудегі жаңалықты қадағалап отырған жөн. Мұндай тәртіп еркіндікті өлтірмейді, қайта ұзаққа жеткізеді.

Бұл әңгіменің мәні бір-ақ сөйлемге сыяды. Жастардың тұрақсыз табысқа құмарлығы қоғамға белгі беріп тұрғанын айтқан жөн. Еркін еңбек, икемді мансап, жаңа қаржы технологиялары қажет деген сұраныс күшейді. Сұранысты естімей, тек тәуекелді жазғыру болашаққа сенімді азайтпай ма?!. Ал сұранысты естіген саясат, әділ ереже және ашық ақпарат еркіндік пен қауіпсіздікті бір кеңістікте тоғыстырады. Криптовалюта сол кеңістіктің бір сынағы ғана. Дұрыс оқылса мүмкіндік, бұрыс оқылса алаңсыздықтың құны.

Крипто кеңістігінің кейіпкеріне айналған жастың бірі – Сырым Жаныаманов. Оның ойынша, онлайн табыс табуда жастар мына бір маңызды дүниелерді естен шығармауы керек.

– Онлайнда бәрі әдемі. Әлеуметтік желіге кіріп, қысқа роликтерді тамашаласам, біреу бір күнде қалай үлкен табысқа жеткені туралы айтады. Мен де қазір авторға ілессем, кірісім көбейеді деп ойлаймын. Ал шын өмірде бәрі басқаша. Алғаш рет криптоға кіргенімде жоспар да жоқ, ереже де жоқ еді. Бір айда жүз жиырма мың теңгем кетті. Ашуланған жоқпын, бірақ өзіме бір нәрсені анық болды. Менің мотивациям ақша емес, еркіндік екен. Уақытты өзім басқарып, бір жерге байланбай табыс тапқым келеді. Дәл осы ой көп жасты тартады. Кейін өзіме нақты тәртіп қойдым. Біріншіден, үнделікті өмірге керек ақшаны инвестицияға тигізбеймін. Алдымен үш айлық резерв қор жинап, содан кейін ғана тәуекелге шағын сомамен кіремін. Екіншіден, қарызға немесе кредитке алған ақшамен ештеңе жасамаймын. Үшіншіден, ақпараттың көзін сүземін. Бөгде арнадағы белгісіз сигнал емес, жобаның командасы, құжаты, нақты қолдану саласы, серіктестері. Бір токенге ақша салсам, оны стартаптың үлесі секілді көремін. Неге бар, неге жоқ, сұраймын, жазып шығамын, салыстырамын. Төртіншіден, қауіпсіздік. Қарапайым сияқты, бірақ көп адам мән бермейді. Екі факторлы қорғаныс, жеке кілтті сақтау, фишингтен сақтану. Былтыр танысым телеграмдағы жалған ботқа кіріп, әмиянын бос қалдырды, содан бері мен күмәнді сілтемені баспаймын. Қысқа жол жоқ екеніне көзім жетті. Бесінші ереже, эмоцияға ермеймін. Баға өссе қуанып, түссе қорқып сатуға болмайды. Өз ережеңді басынан жазып алмасаң, нарық сені сүйреп әкетеді. Ең маңыздысы, крипто өздігінен еркіндік әкелмейді. Ол тек құрал. Еркіндік дағдысын береді. Уақытты жоспарлау, жауапкершілік, сабыр, ақпаратты тексеру, қателік жасағанда мойындап, сабақ алу. Мен қазір табыстың тұрақтылығын басқаша түсінемін. Бір ғана жалақы емес, бірнеше шағын арна болса, соның бірі жоғары тәуекелді тәжірибе ретінде қала берсін. Сырттай қарағанда бәрі жылдам, бірақ ішінен қарасаң, шыдам мен тәртіпсіз нәтиже жоқ. Жастарға айтарым, өзіңді басқаратын дағды қалыптастырсаң, крипто да, фриланс та, кез келген жаңа бағыт та пайдалы мектеп бола алады. Оңай олжа іздесең, ертеңгі күн уайымға айналады. Мен үшін еркіндік деген бүгін тез байып кету емес, ертең қорықпай шешім қабылдай алу. Міне, осы сезім үшін мен ережемен өмір сүріп, тәуекелді тек өзім түсінетін көлемде қабылдаймын, – деді С.Жаныаманов.

Еркіндікке құмартқан буын жылдам табысты аңсайды, бірақ болашақ тек жылдамдықпен өлшенбейді. Қауіпсіздік, білім, тәртіп, дағды, міне ертеңгі күннің шын капиталы. Крипто да, фриланс та, кез келген жаңа мүмкіндік тек құрал, оны кім қалай ұстаса, соған қызмет етеді. Бүгін бір түнде өскен график көзді арбайды, ертең бір сәтте құлдырауы да мүмкін. Сонда не қалады? Қолыңдағы ережең қалады, өзіңе қойған шекараң қалады, дұрыс сұрақ қоятын әдетің қалады. Біз таңдаудың шетінде тұрмыз. Жылдам пайда ма, әлде ұзаққа жетелейтін дағды ма? Бірі көңілді қыздырады, бірі өмірді тыныштандырады. Екеуін жарастыра алсақ, еркіндік те сақталады, қауіп те азаяды. Осы сұраққа әркім өз атынан жауап берсе, дәл сол жауап алдағы он жылды айқындайды. Ал сіздің жауабыңыз қандай?

 К.ҚҰРМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!