ШҚО тұрғындары өздерінің тұрып жатқан үйлерін туристерге жалға беру арқылы 2 млн 300 мың теңге грант ала алады, деп хабарлады Аltaynews.kz. 

Бұл жоба әсіресе Катонқарағай, Өрел және Берел ауылдарының тұрғындарына арналған. Қаржылай қолдауға ие болған ауыл тұрғындары үйлерін жалға беріп, кәсіп бастай алады. 

Ауданды тұрақты дамыту қорының атқарушы директоры Серік Жүнісовтың айтуынша, бір жылда бес адам үйлерін жалға беріп, грант алып үлгерген.
«Ол ақшаға су, дәретхана салынып, демалушыларға жағдай жасалынуы керек. Елімізде шетелден келетін туристер саны артқанымен, ауыл тұрғындары жыл сайын азаюда. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, бес жыл ішінде Катонқарағай ауданында 13 ауыл жоғалуы мүмкін. Ауыл тұрғындарының қалаға көшіп кетуін азайтып, туризмді дамытуымыз керек», – деді ол.

Аталмыш грантты тек ауыл тұрғындары ала алады. Сырттан келген азаматтарға бұл көмек түрі ұсынылмайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!