Нарықтағы теңгенің күрт құнсыздануының басты себебі – соңғы уақыттағы долларға деген сұраныстың артуы және нарықтағы сатушылардың шектеулі болуы. Бұл туралы Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюк айтты.
Біз дивиденд төлеудің басталуына байланысты долларға деген сұраныстың артқанын көріп отырмыз. Импорттық операцияларды жүзеге асыру үшін валюта сатып алуға сұраныс әдеттегідей артқан. Мамыр айының соңында экспорттаушылар пайдалы қазбаларды өндіруге салық төлеу және «үлкен салық аптасы» аталатын мерзімде экспортқа рента салығын төлеу үшін валюталық түсімді сатты. Маусым айында біз сатудың осыншалықты көлемін байқамадық. Сондықтан банктер барлық сатып алушы клиенттерді биржалық сауда-саттыққа жіберді, оның ішінде қарсы ағындар болмағандықтан, бұл валютаға қосымша сұраныс тудырды, – деді Иван Сердюк.
Оның айтуынша, маусым айында орташа күндік сауда-саттық көлемі 95 млн АҚШ долларын құрады, бұл мамыр айымен салыстырғанда 18%-ға аз болып отыр. Қазіргі уақытта сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,6 млрд АҚШ долларына тең. Яғни, валюта нарығы тұрғысынан экономикалық белсенділік айтарлықтай төмен деңгейде қалып отыр.
Маман теңге динамикасы жалпы әлемдік үрдіске сәйкес келетінін айтты. АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің өсуі мен АҚШ долларының жаһандық деңгейде нығаюы көптеген дамушы елдердің валюталарына қысым көрсетті. Маусым айының басынан бастап дамушы нарықтардағы валюталардың динамикасы көбіне теріс болды: Бразилия реалы 10,7%-ға, түрік лирасы 5,8%-ға әлсіреді, сол сияқты, Индонезия рупийі мен Мексика песосы және Оңтүстік Африка ранды шамамен 2%-ға әлсіреді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!