Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті тау-кен өнеркәсібінің өзекті мәселелерінің түйткілді мәселелерін талқылау алаңына айналды. Себебі отандық, шетелдік ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының зерттеушілері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бастамасымен ұйымдастырылған ғылыми-технологиялық хакатонда басқосты. Хакатонға 50-ден астам сала маманы қатысты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті уран өндіру саласының өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналып, 6 топтан тұратын ғалымдар мен тәжірибелі мамандар өнеркәсіптік кластердің 25 өндірістік тапсырмасын шешумен айналысты.

Арнайы құрылған топтарда бірлесіп, сарапшылар нақты нәтижеге бағытталған технологиялық ұсыныстар әзірледі. Ғалымдар мен өндіріс өкілдері уран өндірісінің ерітінділерінен сирек кездесетін металдарды алу және байыту бойынша бірегей технологияларды, жер асты шаймалау кезінде сирек жер металдарын қосымша өндіруді, газ тазарту ерітінділерін қайта өңдеуді, оның ішінде «дымқыл» тазартуды болдырмауды зерттеді.

Ғалым Еркін Бектай сирек кездесетін металдар тақырыбымен жұмыс істеген топтың құрамында болып, өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ғылыми қауымдастық нақты өндірістік міндеттерді шешу мақсатында кең көлемде алғаш рет топтасып отыр.

– Біз уран ерітінділерінен скандийді рентабельді түрде алудың шешімін ұсындық. Ол арнайы әзірленген экстрагенттер мен технологияларды қолдануды қамтып, скандийді ең аз шығындармен және өнімнің максималды тазалығымен тиімді түрде бөлуге мүмкіндік береді. Бұл процестің тиімділігі мен экономикалық негізділігін арттыра отырып, осы саладағы жұмыстың нәтижелерін айтарлықтай жақсарта алады, – деді ғалым.

Ал ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки ғылыми-технологиялық хакатонның маңыздылығы туралы айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу үшін жүйелі қадам қажет екенін атап өтті. Ғалымдар мен өндірісшілердің симбиозы осы бағыттағы құралдардың бірі болып саналады. Бүгін біз үшінші рет хакатон өткізіп отырмыз. Ол ғалымдар мен өндірісшілердің күш-жігерін біріктіріп, нақты технологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Мұндай ғылыми-инновациялық форматтар елдегі ғылымның коммерциялануы мен технологиялық прогресстің негізі болып табылады, – деді Дархан Ахмед-Заки.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Ғылым департаментінің директоры Арманбек Өмірғалидың айтуынша, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы ғылым мен дамуға әрдайым ерекше көңіл бөледі, өйткені ғылымсыз әлемде жетекші орынға қол жеткізу және оны ұстап тұру мүмкін емес.

Ғылыми-технологиялық шара барысында ғалымдар өзара тәжірибе алмасып, осы бағыттағы жұмыстармен танысты.

– Хакатонның ерекшелігі – қатысушылар пайдалы дүние жасауға мүмкіндік алды. Екі күн ішінде біз «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясына және елдің уран өндіру саласына қажет шешімдерді прототиптеу деңгейіне жеттік. Сонымен қатар, министрліктің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы үшін болашақ зерттеу тақырыптары әзірленді. Бұл тұрғыда отандық ғалымдар Қазақстанның ірі уран өндіруші корпорацияларының бірінің сұранысына ие болатын нақты бағыттарды көре алады. Мұндай іс-шаралар ғалымдар мен өндірісшілердің өзара тиімді ынтымақтастығына әкелетініне сенімдімін. Зерттеулеріміздің нәтижелері нақты қолданбалы бағытқа ие екендігіне және оларды қаржыландырып, коммерцияландырып, ең бастысы – өндіріске енгізуге болатынына сенімді бола аламыз, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымы Нұржан Сүлейменов.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өкілінің айтуынша, ғалымдар мәлімделген тақырып бойынша нақты жұмысқа кірісуге, техникалық сипаттамалары бар ғылыми-техникалық тапсырманы дайындауға және болашақта мемлекеттік гранттық қаржыландыруға үміткер болуға дайын екендіктерін білдірді. Ұзақ мерзімді жобалар тереңірек зерттеуді қажет етеді. Өйткені олар тек өзекті мәселелерге ғана емес, жалпы Қазақстанның уран өндіру өнеркәсібінің болашағына да бағытталған.

Айта кетсек, Хакатон қатысушылары «Қызылқұм» ЖШС және «Байкен-U» ЖШС кен орындарына да барды.

«АЖ» ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!