Үкімет “2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасын мақұлдады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, заң жобасы халықтың әл-ауқатын жақсартуды және экономиканы қалпына келтіруді көздейді. Қазіргі болжам бойынша келесі жылы бюджетке түсетін қаржы 431 миллиард теңгеге ұлғаяды. Осылайша жалпы көлемі 13 триллионға жетеді. Соның ішінде мұнайдан басқа салалардан алынатын түсімдерді барынша арттыру жоспарланған. Ал мұнайдан түсетін ақшаны Ұлттық қорға көбірек салу қажет. Сондықтан қордан алынатын қаражаттың көлемі біртіндеп азаяды.
– Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3 пайызынан кезең-кезеңімен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызына дейін төмендейді деген жоспар бар. Ал шығыс 2022 жылы 577 миллиард теңгеге ұлғая отырып, 15,9 триллионды құрайды, – деді министр Ерұлан Жамаубаев.
Министр әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет қаржысы сол күйінде сақталатынын атап өтті. Оның көлемі барлық шығыстың 50 пайызын құрайды.
– 2021 жылдың бюджетіне қарағанда әлеуметтік шығыстар 515 миллиард теңгеге өсе отырып, 8 триллион теңге көлемінде жоспарланды. Шығыстың өсуі жыл сайынғы индекстеуге, зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың көбеюіне, сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлер жалақысының көтерілуіне байланысты болып отыр, – деді министр Е.Жамаубаев.
Министрлер кабинеті заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Енді құжат Парламент Мәжілісінің қарауына жіберіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!