Еліміздің тұрғындары енді зейнетақыдан қанша қаражат алуға болатынын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан қарау мүмкіндігіне ие болды деп жазады inbusiness.kz.
Зейнетақы қорының сайтындағы жеке кабинетте жаңа «терезе» пайда болды, онда емделу немесе баспана сатып алу мақсатына қанша сома алуға болатыны көрсетілген. Сондай-ақ, жеке кабинетіңізден өзіңіздің «жеткіліктілік шегіңізді» (шотта қанша ақша қалуы керектігін / әр жас санаты үшін әр түрлі) және ЖТС (жеке табыс салығы) төлемін (егер оны бірден төлеу қажет деп тапсаңыз) ескере отырып алуға болатын қаражат көлемін біле аласыз. Естеріңізге сала кетейік, 2 қаңтарда Мемлекет басшысы «Экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған еді. Аталмыш заң 1 миллионға жуық қазақстандыққа өз шотында артылған қаражатты алуға мүмкіндік береді.
Емдеу, тұрғын үй сатып алу / салу, ипотеканы төлеуден бөлек, қаражатты инвестициялық компанияларға құюға болады. Сонымен қатар, зейнетақы қаражаты есебінен тісті, катарактаны емдеуге, медициналық оңалтудан өтуге және өзге де емдік шараларға жұмсауға болатыны айтылған. Бұл ретте әртүрлі жастағы азаматтар зейнетақы жинағынан ақша алуы үшін жасына қарай шотта болуы керек соманың жеткіліктілік шегі бар екенін ескеру қажет. Мысалы, 20 жастағы азаматтың шотында ең кемі 1 миллион 720 мың теңге болуы керек. Ал 30 жастағы азамат үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 518 мың теңге. Зейнетақы қорынан алынған қаржыны қолдануға қанша уақыт берілетіні де белгілі болған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!