Биыл экономикалық көрсеткіш жағынан көшбасшы елдер қатарынан көрінуіміз екіталай. Елдегі инфляция деңгейі жоғары шекке жетті. Одан қалды күні кеше ең төменгі жалақы көлемі бойынша әлемнің 56 мемлекеті қатысқан рейтингте еліміз 37 400 теңге көрсеткішпен соңғы орынға жайғасты.

Елімізде ең төменгі айлық көлемі – 42 500 теңге, одан алынатын салықтарды есептегенде қолға тиетіні – 37 400 теңге. БҰҰ нормативі бойынша, ең төменгі жалақы сағатына 3 доллардан кем болмауы тиіс. Яғни ең аз айлық жалақы 740 долларға тең болуы керек. Ресми дерекке сүйенсек, елдегі орташа жалақы – 242 542 теңге. Байқағаныңыздай, орташа жалақы көлемі ең төменгі жалақыдан 5 есе көп. Ойланып қарасақ, ақылға қонымсыз статистикаға сенуге тура келеді. Себебі, мамандар 45 мың теңге алатындар мен 800 мың жалақы алатындарды қосып, ортақ көрсеткішті шығарады. Ұлттық статистика бюросы мамандары мұндай есептеу әлемдік тәжірибеге негізделген деп ақталады. Бірақ биліктегілер өркениетті елдерде бай­лар мен қарапайым халықтың табысының айырма­шы­лығы 2-3 пайыздан аспайтынын ескермейді. Мәсе­лен, Еуропаның көптеген мемлекеттерінде 2-4 есе болса, Литвада – 4,4 есе, РФ-да – 5,1 есе. Ал Қазақ­станда 10 есе және одан да жоғары. Негізінде халықтың 80 пайызы орташа жалақыны армандап күн кешуде. Energyprom.kz рейтингіне қарасақ, Қазақстандағы орташа айлық жалақыға тек ортанқол 5 жұп Nike кроссовкасын сатып алуға болады. Бұл көрсеткіш бойынша біз әлемдегі 107 елдің ішінде 78 орында тұрмыз. Рейтингте Швейцария бірінші орында. Онда орташа жалақыға 50 жұп, ал АҚШ-та 46 жұп аяқкиім келеді. Белоруссия мемлекеті жалақы көрсеткіші бо­йынша Қазақстан мен Ресейден асып түскен. Соғыс­пен арпалысқан Украинаның өзінде соңғы 5 жылда ең төменгі айлық 4 есе өсіп, бүгінде біздің ақшамен шаққанда 100 000 теңгеден асқан.

Қазақстандықтардың әлемдегі ең төмен жалақы алатынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі мойындады. Жұмыскерлердің нақты ақша­лай табысы номиналды көрсеткіштен, яғни белгілі бір кезеңге анықталған саннан орташа есеппен 8 пайызға аз. Бұл отандық еңбек нарығының дамуына ке­дергі келтіретін басты себептердің бірі. Жалақысы ең төмен сала ауыл шаруашылығы, сумен жабдықтау, өнер және ойын-сауық саласында. Бірақ болжамдарға сәйкес, 4 жылдан кейін халықтың ақшалай табысын 27 пайызға арттыру жоспарланған.

КІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ АРТАДЫ?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының XX съезінде дәрігерлердің жал­ақы­­сы 2023 жылға қарай 2,5 есе өсетінін айтты. Со­нымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған спорт үйірмелерінің жаттықтырушылары мен мұға­лімдердің жалақысын көтеруді тапсырды. Ұлттық эко­номика министрі Әсет Ерғалиев экономика дамыса, жұмыс орындары көбейсе, халықтың табысы да өседі дегенді айтты. Осыған орай шілде айынан бастап мемлекеттік қызметшілердің жалақысы салалық жік­те­луге қарай 30-150 пайызға өсті. Әсіресе ауыл мен аудандарда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек­ақысы көтерілді.

– Бүгінде еңбекақы төлеу жүйесінде жалақының көлемі жағынан орталық пен аудандардың арасында теңгерімсіздік бар. Ол орташа есеппен – 70 пайыз. Еңбекақы кестесі лауазымдар иерархиясына негіз­делген. Сол себепті төменгі деңгейде жұмыс істейтіндер аз ақша алады. Ал мемлекеттік органның дәрежесі жоғары болған сайын еңбекақы да көбейеді, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Жарқын Тілеукенов.

Департамент директорының айтуынша, жаңа жүйе­де иерархия көп ескерілмейді. Енді жалақы төле­генде лауазымның мазмұнына, қызметтің күрделілігіне мән беріледі.

– Жаңа жүйеде қызметкердің өкілеттілік пен жауап­кершілік ауқымы ескеріледі. Сөйтіп қазіргі басшылық пен қатардағы қызметкерлер арасындағы теңгерімсіздік 70 пайыздан 10 пайызға дейін төмендейді. Жалақы көлемі, әсіресе ауылдар мен аудандарда көп өсіріледі. Ірі қалалардағы еңбекақыға аса көп үстеме қосылмайды, – дейді Жарқын Тілеукенов.

Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап орталық мем­лекеттік органдардың қызметкерлері үшін 2024 жылға дейін жыл сайын 30 пайызға  дейін жалақы көтеріледі. Жалпы мұғалімдердің орташа айлық жал­ақысы 234 мың теңгеге, дәрігерлер 320 мың тең­геге, әлеуметтік қызметкерлер 180 мың теңгеге, мемле­кет­тік қызметкерлер 267 мың теңгеге өседі деп жоспар­ланған.

P.S. Бір қызығы біздің елде мемлекеттік қыз­мет­керлердің жалақысы артуда. Бұл елде­гі орташа жалақының артуына септігін тигі­зу­де. Бірақ ең төменгі жалақы көлемі сол күйін­де қалып отыр. Мысалы, 42500 теңге алатын жұмысшы 3 жыл бұрын күнбағыс майын 330 тең­ге­ге алса, биыл 600 теңгеден алуда. Бірақ мұн­дай айырмашылықты есептеп жатқан еш­кім жоқ. Бұдан бөлек, былтыр азық-түлік тауары­ның бағасы 11,3 пайызға қымбаттаған. Страте­гия­лық жоспарлау және реформалар жөніндегі агент­тігінің ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, өткен жылы тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі соңғы төрт жылда шарықтау шегіне жеткен. Бес жыл ішінде бір ғана жұмыртқа бағасы 19 пайызға қымбаттаған.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!