Елімізде 2022 жылдан бастап балабақша, мектеп пен колледж педагогтарының жалақысы тағы 25%-ға көтеріледі. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге көтеруді тапсырған болатын. Содан бері ұстаздардың еңбекақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп келеді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарына басқа өңірлерден баратын мұғалімдердің айлықтары 790 мың теңгеге дейін жететінін айтты.

Осыншалық жоғары айлыққа лайық мұғалімдердің дәрежесі де жоғары ма?

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» – деп оқуға шақырған ұстаз Ыбырай Алтынсарин бекер айтпаған болса керек.  

Мұғалім-баланың екінші анасы, сауатын ашқан, болашаққа жол сілтер темірқазығы іспетті.  Әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты, сабырлықты, шыдамдықты қажет етеді. Алдына қандай іс  түссе де оны жеңу жолдарын іздестіре білетін, қиындықты мойымай жеңіп шығатын адал мамандық иесі. 

Қазіргі таңда оқушы мен мұғалімнің арасында түсініспеушіліктер кеңінен етек алуда. Оның көбісі оқытушының жасы үлкендігінен, оқушылардың әлеуметтік желіде, онлайн ойындарда жиі отыруынан деп ойлаймын. Бала мен мұғалімнің арасында шекара тұрмауы қажет. Мұғалімдер баламен психологиялық тұрғыда көп сөйлесуі керек. Мұғалімнің басты қызметі жаңа  қоғамға  сай  білімді,  көкірегі  ояу, тәрбиелі,  әр уақытта еліне қызмет  ететін, оңды-солын  білетін сауатты азамат  қалыптастыру. Ал,  мұғалімнің  негізгі міндеті қазіргі кездегі жаңа оқыту  мен тәрбиелеу технологияларын  меңгеріп,өз кәсібін әрі қарай дамыту. Сондықтан да жас педагогке жемісті  еңбек ете алатын,өзінің қабілеттері мен  мүмкіндіктерін көрсете алатын жағдайлар туғызу  қажет.

Шұғыла Муратбек,

Еуразия ұлттық университеті

филология факультетінің 2-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!