фото: baq.kz
2026 жылдан бастап салық жүктемесі азайып, әкімшілендіру жеңілдейді. Бұл туралы Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салықтық есеп пен тексеріс қысқарады
Ерлан Сағынаевтың айтуынша, жаңа Салық кодексінің басты мақсаты – салық төлеушілерге жүктемені азайтып, рәсімдерді жеңілдету.
Жаңа кодексте салықтық әкімшілендіруді жаппай оңайлату көзделген. Есептілік 30%-ға, салық саны 20%-ға азайтылады. Салықтық жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады, – деді ол.
Оның мәліметінше, камералдық бақылау енді профилактикалық және кезеңдік сипатқа ие болады. Сонымен қатар, салық берешегін өндіріп алу, кейінге қалдыру мен бөліп төлеу рәсімдері де жеңілдейді.
Егер берешек сомасы аз болса, бизнестің шоты бұғатталмайды. Хабарлама мен шаралар қарыз көлеміне байланысты кезең-кезеңімен қолданылады, – деді департамент директоры.
ҚҚС бойынша жаңашылдықтар қандай?
Жаңа кодексте қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 16% болып бекітіледі.
Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге қатысты ҚҚС мөлшері 2026 жылдан бастап 5%, ал 2027 жылдан бастап 10% болады. Сондай-ақ отандық мерзімдік басылымды сату 10%-ға төмендетіледі. ТМККК, МӘМС, археология мен кітап басып шығару ҚҚС-тан босатылады, – деді Сағынаев.
Сондай-ақ, ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке (40 млн теңге) дейін төмендетілмек.
Жеке табыс салығына прогрессив шкала енгізіледі.
Жаңа құжатта табысқа байланысты жеке табыс салығына прогрессив шкала енгізіледі. Атап айтқанда, табысы жылына 8500 АЕК-тен жоғары азаматтар мен табысы 230 000 АЕК-тен асатын кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың дивидендтері үшін 15% мөлшерлеме қарастырылып отыр, – деді департамент басшысы.
Бұдан бөлек:
– БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері салықтан босатылады.
– Мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік шегерім 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
– Табысы 230 000 АЕК-тен асатын фермерлер үшін 70% жеңілдік сақтала отырып, салық мөлшерлемесі 4,5% болады.
Сонымен қатар, 10 жылдан асқан көліктерге салық төмендетіледі, – деді Ерлан Сағынаев.
Кәсіпорындар үшін салық мөлшері өзгереді
Корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша базалық мөлшерлеме 20% көлемінде сақталады.
Банктер (ШОБ кредитінен басқа) мен ойын бизнесіне 25% мөлшерлеме белгіленеді. Ал әлеуметтік саладағы ұйымдарға 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан бастап – 10% салық салынады. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 3% мөлшерлеме сақталады, – деді спикер.
Инвесторларға арналған жеңілдіктер қандай?
Биржалық бағалы қағаздардан түсетін дивидендтерге қатысты жеңілдіктер сақталады. «Бәйтерек» холдингінің бағалы қағаздарынан түсетін кіріс 2031 жылға дейін КТС-тен босатылады. Сонымен қатар, пайдалы қазбаларды қайта өңдеу, геологиялық барлау бойынша ынталандырулар енгізіледі. Жаңа жобаларға 5 жылға 0% пайдалы қазбаларды өндіру салығы белгіленеді, – деді Ерлан Сағынаев.
Сән-салтанат салығы енгізіледі
Құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктерге, 100 млн теңгеден басталатын ұшақ, яхта мен қайыққа, сондай-ақ қымбат алкоголь мен сигара сияқты тауарларға 10% акциз салынады. Егер азаматтың барлық жылжымайтын мүлік объектісінің жиынтық құны 450 млн теңгеден асса, мүлік салығы да артады. Бұл ретте мәслихаттар мұндай объектілердің бағалау құнын 50%-ға дейін жоғарылата алады, – деді департамент директоры.
Айта кетейік, бұған дейін қолданыстағы 7 салық режимінің орнына үшеуі қалатыны туралы жазған едік.
Мемлекет басшысы жаңа салық кодексіне қол қойды.
Сондай-ақ, жаңа салық кодексінде бірқатар салаға жеңілдіктер қарастырылғанын жазғанболатынбыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!