Қалтаны қаққан кәдеге жарату алымы қазақстандықтар үшін шешілмейтін мәселеге айналғандай көрінді. Қол жинады, хат жазды, топ құрылды. Автокөлік иелері оған 6 жыл бойы қарсылық білдіріп келді. Тіпті  #НетУтильсбору қозғалысы басталып, оның facebook желісіндегі тобына 11 мың адам тіркелді. Тіркелушілер саны күн санап артты. Мәселе Президентке жетті. Жыл басында утилизациялық алымға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағым көрсеткен халыққа үн қатып, жаңа өзгерістер енгізу қажет екенін жеткізді. Соған сай сарапшылар мен жобаны үйлес­тірушілер қызу талқыға түсіп, ортақ мәмілеге келді. Шешімге сәйкес, утили­зация­лық алымның мөлшері екі есе азайтылды. Соған сай экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тиісті бұйрық шығарды. Онда утилизация­лық алымды есептеу әдісте­месіне өзгеріс енгізіл­ген, яғни коэффицент екі есе азайып отыр.

Қолданыстағы мөлшерлеме бойы

нша автокөлік үшін қозғалтқыш көлеміне қарай 459 мың теңгеден 3 миллион 522 мың теңгеге дейін төлеу керек. Енді жаңа тариф бойынша утилизациялық алым мөлшері 229 мың теңгеден 1 миллион 761 мың теңге аралығында болады. Нақты шешім бүгіннен бастап күшіне енеді. Оған дейін әкелінген машиналар ескі мөлшерлеме бойынша есептеле береді.

Жауапты мамандардың 3 айда жобасын әзірлеп, бекіткен жаңа тарифі төмендегідей:

электромобильдер үшін – 0 (утилизациялық алым – 0 теңге);

1 000 текше см дейін – 1,5 (утилизациялық алым – 229 725 теңге);

1 001 текше см-ден 2 000 текше см-ге дейін – 3,5 (утилизациялық алым – 536 025 теңге);

2 001 текше см-ден 3 000 текше см-ге дейін – 5 (утилизациялық алым – 765 750 теңге);

3 001 текше см-ден жоғары – 11,5 (утилизациялық алым – 1 761 225 теңге).

Утилизациялық алымның бағасы бойынша өзге елдерді де нысанаға алып көрдік. Зер салсақ біздің жаңа тариф әлі де қалтаны қағып тұрғандай көрінеді. Тек көршілес Ресейдің жүйесі Қазақстанмен шамалас.

Ресей

1 литрлі көліктерге – 106 000 рубль (604 мың теңге)

1.1 литрден 2 литрге дейінгіге – 165 200 рубль (941мың теңге)

2.1 литрден 3 литрге дейінгіге – 322 400 рубль (1 млн 837 мың теңге)

3 литрден 3.5 литрге дейінгіге – 570 000 рубль (3 млн 250 мың теңге)

3.5 литрден жоғарыларға – 700 200 рубль (4 млн теңгедей).

Жеңіл көліктерге базалық ставкасы – 25 мың рубль (142 мың теңге), ал жүк көліктеріне – 187 мың рубль.

Украина

Утилизациялық алым 2013 жылы енгізілген. Жеңіл көліктің бәріне бір алым салынады – 5500 гривен (85 мың теңге).

Еуропа

Еуропа одағы елдерінің утилизациялық алымы бәріне ортақ. Шамамен, жаңадан сатып алған көлікті тіркеу үшін 100 еуро төлеу керек. Нидерландыда мүлде 45 еуро ғана.

Жапония

Жапонияда утилизациялық алым импорт және экспорт болып бөлінеді. Жапонияның өзінде өндірілген көліктерге алым бір-ақ рет төленеді. Сомасы көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты. Бірақ 130 доллардан () аспайды. Keicar көліктер – 90 доллар төлейді.

Ал импорт көліктер 190 доллардай. Импорт көліктердің көбі салмағы ауыр болғандықтан көбірек төлейді.

АҚШ

АҚШ-та шағын көліктердің утилизациялық алымы – 100-200 доллардың, толық көлемді көліктердікі – 150-300 доллардың арасында. Ал жүк көліктер мен ауыр техникаларда – 300-500 доллардың шамасы.

Жаңа тариф елдегі көлік бағасын реттей ме деген сауал екінің бірінде туындап тұр.  Мәселенің мәнін белгілі сарапшылармен тарқатып көрдік.

Көпшілік тарифке байланысты көлік бағасы арзандайтынына сенімді. Алайда тәуелсіз автомобильдер одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың айтуынша, утилдік алым арзандаса да ол автокөлік бағасына әсер етпейтінін айтады. Сол себепті темір тұлпардың бағасы арзандайды деуге әлі де болса ерте секілді.

– Баға ертең бірден түседі немесе қалады деп айту өте қиын. Оны сатып үйренген адамдар мәселен, сол жоғары бағада, олар соны бірден төмендете ме, менің соған күмәнім бар. Көлікке сұраныс төмендесе, онда баға біраз түсуі де мүмкін, жаңағы утильжинау көлемінде ғана. Ал қалғанына өзгермейді, – деді Эдуард.

Автокөлік нарығының белгілі сарапшысы Олжас Оқастың пікіріне сүйенсек, еліміздегі утилизациялық алым халықтың жағдайымен байланысты болу керек.

– Қазақстанда көлік жылдан-жылға қымбаттап бара жатыр. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Утилизациялық алымның сомасы жаңа көлік сатып аларда аса рөл ойнамайды. Біріншіден, біздің нарықтың ауқымы кішкентай. Ұлттық валютамыз ай сайын құлдырап жатыр. Көлікке қажетті бөлшектер бізге шетелден келетінін ұмытпайық. Көлікке қатысты утилизация алымын жойып жіберсең де Еуро-4 стандарты қалады ғой. Мысалы, Грузиядан әкелінген 2003 жылғы «Toyota Camry» көлігі бәрібір алғашқы тіркеуден өте алмайды. Ащы болса да шындықты айтуымыз керек, халқымыз «тегін» дүниені жақсы көреді. Мүмкіндік болса, ҚҚС алып тастауды қолдайтындар бар. Тәртіп болмаса, заң қадағаланбаса, түбі артта қалған бір мемлекетке айналамыз, – деді Олжас Оқас.

Auto ray көлік қызметінің жетекшісі Айдос Жүнісов көлік бағасының арзандамайтынын алға тартты.

– Кәдеге жарату алымы қысқарғанына қуаныштымыз. Алайда бағаны әліде төмендету керек секілді. Сол кезде көліктің нарықтағы бағасында сәл болсада өзгеріс орнайтын еді. Жалпы көліктің бағасы қымбаттамаса арзандамайды. Өйткені нарық долларға бағынышты. Шетелдерден келетін көліктің барлығы доллар валютасымен жүреді. Сондай-ақ көлікті елге кіргізу үшін де утилизациялық алымнан бөлек мың-сан төлемдер бар. Оның барлығы не үшін төленетіні түсініксіз. Атап айтсақ, кедендік алым көлік бағасының 15 пайыз, НДС 12 пайыз төлем алынады. Сондай-ақ 2015 және 2019 жылы шығарылған көліктер үшін  бастапқы тіркеу жарнасына 500 мрп төлем жасауға мәжбүр болады. Осының барлығы көліктің қымбат болуына әсер етеді. Егер қажетсіз төлемдерді қысқартатын болса еліміздегі темір тұлпарлардың жылы жаңарып, бағасы қалтаға қонымды болар еді, – дейді маман.

Қорыта айтсақ, кәдеге жарату алымының жаңа тарифі көңілден шыққанымен көлік бағасы өзгеріссіз қалмақ. Себебі елімізге шекарадан кіретін көліктердің утилизациялық алымнан бөлек төлейтін өзге төлемдері ұзын-сонар. Автокөлік бағасының төмендеуі теңгенің қуатына қатысты екенін де ұмытпаған абзал.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!