Фото: «Азиялық Газ құбыры» ЖШС

Алғашқы жартыжылдықта Өзбекстан газдың экспортымен қатар, көгілдір отынның импортын да арттырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, қаңтар-маусым аралығында Өзбекстан Түркіменстан мен Ресейден көгілдір отын сатып алу үшін 571,8 млн доллар жұмсады. Әсіресе, импорт көлемі маусымда артып, ең жоғары айлық мөлшер 286 млн долларға теңелді.

Ал қамтылып отырған аралықта ресми Ташкент 354,9 млн доллардың газын экспортқа шығарды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,5%-ға көп. Негізгі сатып алушы – Қытай.

Бұл ретте ресми Бейжіңге көп көлемде газ жеткізгендер көшін Мәскеу бастап тұр. Жырты жылдың ішінде Ресей Қытайға 4,89 млрд доллардың көгілдір отынын экспорттаған. Сонымен қатар Түрікменстан (4,21 млрд доллар) мен Қазақстан да (503,2 млн доллар) ірі экспорттаушылар қатарында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл жарты жылда Өзбекстанның ірі кәсіпорындары 21,7 млрд текше метр газ өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 700 млн текше метрге аз.

Газдың көлемі төмендегенімен, көршілес ел көмір өндірісін арттырды. Атап айтқанда, өзбекстандық шахтерлер 6 айда 3 млн тоннадан астам қатты отын қазып алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 400 мың тоннаға артық.

Еске салайық, былтыр Өзбекстан газ импортын арттырды. Яғни, 2024 жылы шет елдерден көгілдір отынды сатып алуға ресми Ташкент 1,6 млрд доллардан астам қаражат бағыттады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе көп.

Көгілдір отын өндірісін ұлғайту мақсатында аталған ел үкіметі биыл 15 учаскеде геологиялық барлау жүргізбек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!