Құс жемінің қымбаттауына байланысты құс өсірушілер қиындыққа тап болып отыр. Бұл туралы ІХ халықаралық құс өсірушілер форумында Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті Руслан Шәріпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазіргі кезде құсқа арналған жем бойынша проблема байқалып отыр. Осы орайда Ресейде, Беларусь, Армения және Қырғызстанда да біздегі сияқты мәселе бар. Құс жемінің бір тоннасы 180-190 мың теңгеге жетті. Құс еті мен жұмыртқаның өзіндік құнында 70 пайызы жемнің бағасына қатысты болады. Егер құс жемі арзан болса, онда біздің өнім де нарыққа төмен бағамен шығады», – деді Р. Шәріпов ІХ халықаралық құс өсірушілер форумында тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бұл салада жабдықтардың барлығы елімізге шетелден тасымалданады. «Кеңестік кезеңде бізде құс шаруашылығына қатысты барлығы болды. Құстардың түрлі тұқымдары кеңінен таралған еді және оларды бізден сатып алатын. Кейінен осының барлығын жоғалтып алдық. Қазір сырттан тасымалдағандықтан, валютаның жоғары құны өз әсерін тигізіп отыр. Ал Ресей мен Беларусь өнімдерді өздері өндіріп жатыр. Олар құралдар мен жабдықтарды өздері қамтамасыз еткеннен кейін, баға бойынша бұл елдермен бәсекелесу қиынға түсіп отыр», – деді Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!