«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Қазақавтожол» ЖШС біріктіруге қатысты қаулы жобасы әзірленді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінен мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 14 шілдедегі кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында тиіс іс-шаралар атқарылды. Министрлік «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Қазақавтожол» ЖШС біріктіру үшін «Республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы» қаулы жобасын әзірледі. Бұл құжат жобасы биыл тамыз айында Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізіледі. Жоғарыда аталған мекемелерді біріктіру процесін осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», – делінген министрліктің ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Ведомство мәлеметінше, біріккеннен кейін, біртұтас компания «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ деп аталатын болады.

«Бұл іс-қимыл жолдарды күтіп ұстау бойынша барлық жұмыс барысын толық бақылауға алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, автомобиль жолдарын пайдаланушылардың сауалдары мен шағымдарына жедел әрі уақытылы ден қоюды қамтамасыз етеді, сондай-ақ төтенше жағдайлар болған жағдайда мемлекеттің жұмылдыру дайындығы деңгейін арттырады», – деп аталып өткен министрлік хабарламасында.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!