Елімізде жылу энергетикасы саласындағы жеке заң алғаш рет әзірленді. Мемлекет басшысы бұл салаға ерекше мән беріп, биылдан бастап аталған заң қолданысқа енді. Осы заң арқылы қызмет көрсетуші және тұтынушылар арасындағы біршама өзекті мәселе оңтайлы шешімін табады деген үміттеміз. Өйткені заң жобасында жүйелік проблемаларды шешуге байланысты нақты жобалар айқындалған. Ең бірінші кезекте – орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысты.

Ендігі уақытта заң аясында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын уақытында атқару, оның ішінде жылу маусымына дайындық, сенімді және сапалы жылумен жабдықтау, қондырғыларды қауіпсіз игеру, персоналдың білімін тексеру, жылу энергетикасы объектілерін пайдалану кезінде техникалық және технологиялық нормалардың сақталуын және басқаларды осы ведомстволық комитет мемлекеттік бақылауда жүзеге асырады.

Тағы бір атап өтерлігі, заңға сәйкес облыстардың, облыс көлеміндегі қалалар мен аудандардың жылу энергетикасының жұмыс істеуі мен дамуы қарастырылған. Ол әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары әзірлеген жылу энергетикасы дамытудың ұзақ мерзімді (20 жыл) және орта мерзімді (5 жыл) әмбебап жоспарлары негізінде жүзеге асырылады. Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі депута Еділ Жаңбыршин жылу энергиясын өндіру мен тасымалдау құзыреті Энергетика министрлігіне берілетінін айтты. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган жылу энергиясын тұтыну саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын болады.

Бұл құжат бізге не береді? Оның қандай ерекшеліктері бар? Енді осыған тоқталайық. Құжат алғаш рет жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуы үшін жылу энергиясын өндіру, беру, өткізу және тұтыну процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды дербес заң түрінде реттейді. Сондай-ақ жылу энергетикасы саласының сапалы және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жаңа тетіктерді енгізу және қолданысын күшейту жолымен реттеу жүйесі жаңғыртылды. Бұдан бөлек, аталған сектордың дәйекті және тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін оны ілгерілетуді жоспарлау және жай-күйін бағалау тетіктері енгізілді.

Жылумен жабдықтау жүйелері қуаттылығына және тұтынушылардың қосымша жүктемесіне орай орталықтандырылған, жергілікті және жеке жылумен жабдықтау жүйелері болып бөлінеді және соған сай сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін тарифтік реттеу, энергия үнемдеуді қолдау, жылу энергетикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тетіктері жаңартылды. Жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары, жөндеу жұмыстарын жүргізу және жылу энергиясы көздерін пайдаланудан шығару шарттары белгіленді.

Саламат ҚАЛЖАНОВ,
ҚР ЭМ Атомдық және
энергетикалық қадағалау мен
бақылау комитетінің Қызылорда
облысы бойынша аумақтық
департамент басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!