Шексіз толқынымен тыныштық сыйлап, тіршілікке нәр берген Сырдария өзенінің айналасында тарихы терең һәм табиғаты көркем өлкелер жайғасқан. Соның бірі – Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кенті. Осы бір шағын мекенде заманның сырын сақтаған «Еңбек даңқы» музейі бар екенін білесіз бе? Ал ондағы әр затта ғасырға теңесетін бір үзік сыр бар. Сол үшін өткен жұма күні «Еңбек даңқына» арнайы барып, түрлі жәдігерді көзбен көрдік.

2001 жылы Сырдың киелі топырағы тағы бір ғажап мұраға байыған еді. Ол − қазақтың ақыны, ойшылы, рухани ұстазы Абай Құнанбайұлы тұтынған шкаф. Бағымызға қарай бұл жәдігермен де таныстық. Аталған қазынаның Сыр өңіріне қалай жеткені бізге де қызық болып, сауалымыз сәт сайын арта түсті.

Көне жәдігер Асқар Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Ахметбек Іскендіровтың шаңырағында сақталған. Жәнібек Маханбеттің айтуынша, ол екі мыңыншы жылдары музейде ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеген. Музейдің негізін қалаған Сейтмұрат Ембергенов зейнетке шыққан кезінде ғылыми маманға «Сенің ауылыңда Абайдың қолданған шкафы бар деп естідім. Зерттеп көрші» деген екен.

− Арада бірнеше жыл өтті. Кейін бұл шкаф Ахметбек Іскендіровтың үйінен табылды. Ол Іскендіровтер шаңырағындағы қастерлі заттың бірі. Әрдайым үйінің төрінде тұратын. Мұндай құнды жәдігерді музей қорына орналастырып, А.Іскендіровке дәл сондай кеңестік замандағы тартпаны тарту еттік.

Тарихына келсек, Құнанбай Мұхтар Әуезовтың аталарын Түркістаннан Арқаға қонаққа шақырады. Осы кездесудің арқасында қожа жігіті Дәрібай Құнанбай әулетінің жиені Тұрғанбикемен сөз байласады. Бірақ жігіттің тұрмыстық жағдайы нашар деп ағалары қызды беруге қарсы болған. Осылай жас жұп шаңырақ көтеріп, Сыр еліне келіп қоныстанған. Дәрібай мен Тұрғанбике қыздарының бірінің есімін Абайдың әжесіне ұқсатып Зере қойған. Міне, осы Зере әжей Ахметбек Іскендіровтың нағашы әжесі, − деді ол.

Балалары ержеткенде, шамамен Абайдың қайтыс болғанына 1-2 жыл өткен соң Тұрғанбике туыстарына сапарлап қайтады. Сол кезде жиенінен тараған балалардың біліміне тәнті болған туыстары Абай қолданған шкафты сый ретінде берген екен. Кейін бұл жәдігер Зеренің жасауына қосылған.

Ел ішіндегі қиын жағдайларға байланысты Зере Тәжікстанға қоныс аударады. Бірақ үлкен дүниелерді алып кетуге мүмкіндігі болмай, шкафты найман руының азаматтарына аманаттаған. Ал 1942 жылы Зеренің қызы Әсия елген оралып, шкафты қайтып алған екен.

Тарих – ұлттың ұлы мұрасы. Біз көрген басқа да жәдігерлер қазақ халқының тұрмыстық өмірін ғана емес, тарихи жады мен мәдени байлығын да айшықтайды. Осындай мұраларды сақтап, ұрпаққа жеткізу − аманат. Себебі өткеннің ізі өшпеу керек.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!