Түркістандық қарапайым күзетші Шер Ильясов әлеуметтік желінің «жұлдызына» айналды. Оның Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында шетелдік туристермен ағылшынша еркін тілдескен сәті таралып, көпшіліктің назарын аударған еді. Желі қолданушыларының пікірлері де ерекше болды. Бірі зейнеттегі мұғалім деп ойласа, енді біреуі «білім бар, таныс жоқ» деп ер азаматтың біліміне тәнті болды. Шынында, Шер Талғатбекұлы кім? Бұл сауалға нақты жауап алу үшін киелі мекеннің тумасымен әңгімелестік.

Сымсыз байланыстың арғы жағынан күлімсірей жауап берген Шер ағай бізді қарапайымдылығымен баурап алды. 55 жастағы кейіпкеріміз шын мәнінде ешқандай тіл курсына қатыспағанын айтып, «self education» арқылы үйренгенін жеткізді.

– Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде күзетші болып жұмыс істеймін. Мұнда турист көп келеді. Ал экспонаттармен танысқысы келетіндердің басты мәселесі – тіл. Қонақтарға түсінбеген, білмегендерін айтып, көмектесуге тырысамын. Кесенеге келген шетелдіктер тарихи жәдігерлер туралы көп сұрайды. Сондай сәтте еліміздің бай мұрасын ағылшынша түсіндіремін. Бұл тілді кейінгі 5 жылдан бері үйреніп келемін. Толық меңгермедім, әлі де білуім қажет дүниелер бар. Сол үшін бос уақытымды тіл үйренуге арнаймын, – деді ол.

Шер Талғатбекұлы әлеуметтік желіде тараған видеоны: «Бейнежазбадағы екі азамат Қытайдан келген. Олар тайқазан туралы сұрағанда, мен оның тарихын баяндадым. Артымыздан келе жатқан адамның бізді бейнежазбаға түсіріп алғанын байқамадым. Ол кейін оны желіге жүктеген екен» деп еске алды. Осы бейнежазбаның арқасында қарапайым күзетшінің шынайы тұлғасы елге танылды, ал сұхбатқа шақырушылар саны күннен-күнге көбейіп келеді.

Сондай-ақ сұхбаттарының бірінде ол ағылшын деңгейін дамытып, испанша да еркін сөйлегісі келетінін айтты. Сұхбат барысында бұл жоспары жөнінде де сұрадық.

– Жаңа тіл – жаңа мүмкіндіктің кілті. Сол үшін тек ағылшынмен шектелгім келмейді. Әзірге испанша үйренуге нақты әдіс-тәсіл қарастырмадым. Бірақ үйрену жоспарда бар. Тіл біліп һәм білімімді арттырып өзге мемлекеттерді араласам деймін. Ел, жер көру керемет емес пе? Жұмыс істеу үшін де баруға болады. Бұйырып, жолым түссе оны да көру керек, – деді Шер Талғатбекұлы.

Бірі білсе, бірі білмес. Қоғамда «өмірдің ең жақсы кезеңі 50-ден кейін басталады, 50 жаста өмір енді басталады» деген ұғым бар. Дәл осы 50 жасында Шер Талғатбекұлының тілге деген қызығушылығы артқан еді. Ал бұл ой туралы кейіпкеріміз не дейді?

– Бұл сұраққа нақты иә немесе жоқ деп жауап беру қиын. Өмір әр адамға әрқилы әсер етеді. Әркімнің өз уақыты бар, – дейді ол сабырлы үнмен.

Кейін әңгімеміз бүгінгінің жастарына арналды.

– Бағана айтқанымдай, тіл білу бізге шексіз мүмкіндік сыйлайды. Ақпараттармен танысудан бастап барлық ғажайыпқа жол сілтейді. Адам өмірге бір рет келеді. Сол кезеңді мәнді, мағыналы өткізуге тырысу керек. Мақсатың мен арманыңа берік, өзіңе сенімді болсаң барлығына қол жеткізуге болады. «Менің қолымнан келеді» деген ұранды жүрекпен сезінгенде оң нәтижеге жетуге болады.

Өз-өзіңмен жұмыс істеу жолында мотивацияның да орны ерекше. Қазір барлығы қолжетімді болған сайын адамдар да әр дүниеге оңай қарайды. Бастысы, өзіңізге не қажет екенін түсініп алыңыз, – деп сөзін түйіндеді Шер аға.

Ел ішінде танылған жаңа есім білім жолында ерте кештің болмайтынын дәлелдегендей. Білімге деген жол шекарасыз, ал жас – тек сан ғана екенін естен шығармайық!

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!