Байрақты бәсекелерде топ жарып, тартысты додаларда ел намысын бермейтін талай сайыпқыран ортамызда жүр. Белдесуде қарсыласын қапы қалдырып, гір тасын көтеруден тау көтерген Толағайлардың да арманы мен мақсаты бір. Әлемдік ареналарда әнұранды шырқатып, көк туды көкке көтергісі келеді.

 Қызылордадағы Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектепинтернат-колледжіне барғанда біз осыны ұқтық. Бұғанасы қатпаған балалардың өзі үлкен армандармен келеді. Алдына қойған мақсаты мен мұраты да қалыптасып үлгерген. Алдыңғы толқынның ізінен ерген кейінгілерге мұнда өзі жүріп өткен жолдан тәлім берер ұстаздар да жетерлік. Алмас Өтешов, Александр Зайчиков тәрізді чемпиондар шыққан шаңыраққа ат басын бұрып, ондағы жағдаймен танысып қайтқан едік.

Тамыры тереңнен тартылған тарих

 Қаланың шеткі бөлігінде өз алдына отау болған осы ғимараттың әрбір тасына тіл бітсе, талай тарихты сайрап тұрып айтып берері анық. Сонау 1959-1963 жылдар аралығында салынған ғимарат. Әдепкіде теміржол саласы қызметкерлерінің балаларына арналған интернат болып пайдалануға беріліпті. Әрине, қолдағы барды ұқсатып, ұқыпты пайдаланып отырған бүгінгілерге алғыс мол. Тиісті қаражаты қаралып, қасына қосымша ғимараттар салынып, заманауи кейіпке де енген.

– Әрине, ол уақыттан бері қоғам өзгерді. Талап пен мақсаттың да басқаша арнаға бұрылғаны анық. Бір ғана мақсат сол қалпында: ол – қазақтың даңқын асыру. Қазір осы ғимараттың ішінде жүріпақ талай чемпионды шығарып жатырмыз. Бірақ заманға сай құралжабдықтар мен бөлмелердің болғаны тіпті керемет қой. Қазір сол жағалаудан сәулеті келіскен сан түрлі ғимараттар салынып жатыр. Жаңа қалаға келесі көштің басын бастап барсақ деген арман бар. Оған сай уәде де беріліп жатыр, – деді директор Асылжан Жаманқұл.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

Оқу орнындағы әрбір қызметкер елдегі спорт саласындағы жетістіктерге қуанышты. Кадр бойынша инспектор Жұлдыз Маратбекқызы «бірыңғай чемпиондардың ортасында жұмыс істеу – қызық, әрине. Мұндағы әрбір жанның жетістігіне қуанамыз. Біздің балалар чемпионатқа, жарысқа баратын болса, мейліңіз ол жарыс эфирден түннің бір уағында көрсетілсе де, кірпік қақпай, соны тамашалаймыз. Өйткені, мұнда бір адамның жұмысы емес, ұжымның еңбегі көрінеді» деді ол аз ғана уақыт тілдескенде.

Бас есепші Бақыт Сүлейменова мұнда оқу орны ашылғалы бері еңбек етіп келеді.

 – Бұл жерге келгенде жұмыс орнымыз да болмады. Отыратын да жер жоқ еді. Стадионнан кейін жаңа ғимарат салынады деп күтіп отырмыз. Сол жағалаудағы музыка колледжіне де қарап, жиі армандаймыз. Бірақ осы тарихи ғимаратымыздың төрінен қаншама спортшы шықты. Қаншама маңдай тер төгілді. Қазіргі шәкірттеріміз де шыңға бастап жүр, – деп қуанышын жасырмады бас есепші. Бүгінде мұнда 250-дей бала оқиды. Оның 33-і – колледж студенті. Қалғандары – оқушылар. Осы балалардың әрбірінің құжатын жасап, реттеп отыратын өз істерінің маманы – Нұрбол Сейтәлиев, Бақыт Жүнісов және Жомарт Рахманов есімді әдіскерлер. – Біздің негізгі жұмысымыз – құжатпен қамтамасыз ету. Мұнда тек жаттықтырушылар ғана емес, барлық пән мұғалімдері мен біз секілді мамандар қызмет атқаруда. Бірақ әрбіріміздің спортқа таласымыз бар. Шәкірттеріміздің адал жанкүйеріміз, – дейді олар.

Чемпиондар шыққан шаңырақ
Чемпиондар шыққан шаңырақ
Чемпиондар шыққан шаңырақ

Жыл басынан 81 медаль олжаладық

Мұндағы талантты жастар жыл басынан бері қоржынға 81 медаль салған. Жыл аяғына дейін әлі бірнеше чемпионат пен маңызды жарыстар бар. Олардан да құр алақан қайтпасы анық. Спорттың 9 түрі бойынша шәкірт тәрбиелейтін шаңырақта жетістікке келгенде жекпе-жек спорты басым.

– Балаларды ауыр атлетика, байдарка және канео, бокс, велоспорт, грек-рим, дзю-до, еркін күрес, таэквондо және гандбол спорт түрлері бойынша дайындаймыз. Жыл басынан 14 алтын, 39 күміс және 28 қола алдық. Балалардың бір минут та бос уақыты жоқ. Барлығы күн тәртібіне сай жүреді. Мұнда Әлем, Азия чемпиондары бар. Жаттықтырушылардың маңдай терінің арқасында талай мықтыны табанды етіп, топқа қосып жатырмыз. Алда да айқын мақсатымыз бен жоспарымыз бар, – дейді директордың орынбасары Қанат Кубегенов.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

Оқу орнының басшысы Асылжан Зұлфықарұлының айтуынша, мұнда чемпиондар шығаратын бапкерлерді дайындап жатыр. Олардың шәкірт тәрбиелеуге, өзінен кейінгі толқынды жолға салуға қабілеті зор. Өткен жылы бітірген түлектердің тең жартысы осында қалған. «Өзіміздің жігіттердің қалғаны бізге жақсы» дейді ұстаздары.

– Мені қуантатыны, әрбір ауылда спорт кешендері салынып жатыр. Алақандай ауылдың төрінде болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік бар. Қызылордада бұрын-соңды болмаған «ҚызылордаАренаның» өзі неге тұрады? Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кешендерге дейін бар. Салынып жатқан спорт сарайлары мен стадиондардың саны да жетерлік. Бұлардың барлығын ашып, пайдалануға берілген соң не керек? Білікті кадр керек. Қызылордада мұндай кадрды дайындайтын бір ғана мекеме бар. Ол – Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы атындағы мектепинтернат-колледжі. Мұнда ең мықты спорт түрлерінен дайындайтын жаттықтырушылар тәрбиеленеді. Міне, осы кадрлерді қолдау керек. Ертеңгі күні жоғарыда біз айтып кеткен нысандар ашылып, ондағы функционалдық қызметтердің барлығы дерлік игеріліп, елге пайдасы тиюі үшін сол жерлерге мықты кадрлер бару керек, – деді Асылжан Жаманқұл.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

Ал орынбасардың айтуынша, түлектердің дені қарулы күштер қатарында жұмыс істейді. Кейбірі кәсіппен айналысады, ал енді бірі орта мектептерде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болады.

– Бұрын мектеп-интернат едік. Бірнеше жыл бұрын колледжді қосып алдық. Оның жақсы жері көп. Бұрын бітіргендер әр жерге баратын, қазір мықты-мықты жерден орын алды, – дейді Қанат Кубегенов.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

Тынымсыз жаттығу – мол жетістікке жол

Сөз арасында жетістіктерді тілге тиек еткен орынбасар бізді жаттығу залына қарай бастады. Бұғанасы қатпаған балаларды осы бастан спортқа баулып жатыр екен. Олардың ішінде бір-бір деңгейдегі чемпиондар өсіп келеді. Бірі-бірін басып озатындай ынталы. Бұл жігіттерді ауыр атлетикадан Ерсұлтан Оңғар баптауда.

– Ауыр атлетикадан алған асуларымыз жетерлік. Мәселен, 2022 жылы Айсамал Сансызбаева есімді қызымыз Азия чемпионы атанды. Оның алдында 2020 жылы Есенгелді Сәпи топ жарған. Ал өткен жылы Сабыр Нұрдос Әлем чемпионы болды. Біз 2023 жылы екі бірдей алтын медаль жеңіп алдық. Әрине, күн тәртібіне сай әрекет жасап, барлығын қалыпты дағдыға айналдырдық. Жалқаулықты ысырып қойып, тынбай дайындадық. Мұның барлығы – сол еңбектің арқасы.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

Ілияс Нұрлыбеков 8-сыныпта оқиды. Ол мұнда Байқоңыр қаласынан келген. Кеудедегі алып арман чемпион болуға бағыттайды. Осыған дейін бірнеше жарысқа қатысып та үлгерді. Олжалы оралған сәттері бар.

 – Демалысқа үйге барғанда ата-анам «біздің чемпион келді» деп арқамнан қағып қарсы алады. Үйді сағынатынбыз. Қазір үйрендік. Тамағымыз тоқ, жағдайымыз жақсы. Мұндағы кісілер өз баласындай қарайды. Қазір осынша жағдайлардан соң бізге қалғаны – жеңіс сыйлау. Қайда барсақ та жеңіспен оралғымыз келіп тұрады, – дейді ол.

 Болашақ былғары қолғап шеберлерін жаттығу залынан таппадық. Есесіне, олар мәжіліс залындағы теледидардан тікелей эфир арқылы Абай облысында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатын көріп отыр екен. Жаттықтырушы Сайлаубек Өтегенов бізге бір сыр айтты. Иә, мықтыларды баптаудың түрлі жолдары бар екен.

 – Бізде 41 бала бокс спорты бойынша жаттығып жүр. Олардың қатарында Азия чемпионы Зарина есімді шәкіртіміз бар. Қазір балалардың барлығын мұнда әкеп, теледидар көріп отырғанымызға таңданған боларсыз. Осы жерден бітірген екі бірдей спортшымыз өнер көрсетіп жатыр. Чемпионатқа облыстан төрт спортшы барса, соның екеуі – біздің түлегіміз. Тамаша емес пе?! Соны қарап, жекпе-жекті эфирден көру арқылы балалар әдіс-тәсілді, техниканы үйренеді. Біз осы бағытта тәжірибе алмасып отырмыз, – дейді Сайлаубек Жалғасбекұлы.

Бапкердің айтуынша, жігітті алдымен спортқа емес, Отан қорғауға баулу керек. Ал Отанын қорғау санасында тұрған спортшы, еліне жеңіс сыйлауды айқын мақсатына айналдырады.

 – Ең бірінші баланың денсаулығына қараймыз. Дені сау бала – ұлттың болашағы. Содан кейінгісі – тәртібі, адам болуға бағыттаймыз. Осындай мықты бағытта өссе, тәуелсіз қазақ елінің гүлденуіне, өркендеуіне үлес қосатынына сенім мол, – деді бапкер.

Спорт пен білім – егіз ұғым

Мұнда балалардың барлығы тек спортты алға салады деп ойласаңыз, бұл – қате ұғым. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Аякөз Аманжолқызы білім бағытында да балалардың сан мәрте көш бастап, оқу орнының мақтанышына айналып жүргенін айтты.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

 – Спорттан да, білімнен де алдына қара салмай, топ жарып жүрген үздіктеріміз көп. Әрине, спорт бағытындағы оқу орны болғанымен мұнда да мектеп бағдарламасындағы пәндер оқытылады. Колледж деңгейіне жеткенде кәсіби бағытқа ауысады. Бұрын бітірген түлектерден де, бүгін оқып жүрген шәкірттен де аузымыздан тастамай айтып жүретін, өзгелерге үлгі қылатын балаларымыз жетерлік, – дейді ол.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

Расымен, біз барғанда балалар әрбір пәннің арнаулы кабинеттерінде білім алып отырды. Күн тәртібіне сәйкес реттеліп, білімді де, спортты да меңгеріп жүр.

Жауынтаевтың жауынгерлері

 Бір кездері газет беттерінен, теледидар экранынан түспей жүретін Әлем және Олимпиада чемпионы Бауыржан Жауынтаевты кейінгі уақытта кезіктірмей қалғанымыз жасырын емес. Чемпион қазір шәкірт тәрбиелеп жүр. Дзю-додан қазақтың даңқын асқақтатамын деген арманымен біраз биікті еңсерген сайыпқыранның шәкірттері де бірі-бірінен асып түседі. «Сен тұр, мен атайындар» екен.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

– Осы кезге дейін көрген-білгеніңді, жинаған тәжірибеңді саласың. Өзің бұрын жете алмай қалған белесіңе шәкіртіңнің жеткенін қалайсың. Кезінде бізді баптаған жаттықтырушылардың қадіріне жетіп, олардың жай-күйін енді сезініп жатырмын. Шәкірт тәрбиелеу – оңай жұмыс емес. Оның жемісін жылдар жылжығаннан кейін де көруің ғажап емес. Шәкірттеріміздің арасында Қазақстан чемпионатында топ жарғандар да көп, – дейді ол.

Қыздар қатыспайтын жалғыз спорт түрі

Грек-рим күресінде де жігіттер барын салып жатыр екен. Бұл қыздар қатыспайтын жалғыз спорт түрі. Самат Макеналиев – сан жылғы тәжірибесі бар білікті маман, ҚР спорт шебері.

– Осы салада жүргеніме 20 жылдан асыпты. Бұл уақыт аралығында талай жастың қанатын қатайтып, биікке бағыттауға атсалыстым. Отыздан астам спорт шебері шықты, Әлем және Азия чемпиондары мен жүлдегерлері де бар. Төккен теріңнің қайтарымы – балалардың шыққан шыңы, – дейді бапкер.

Мұнда грек-рим күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Әділжан Рахмет те шәкірт тәрбиелеп жүр. Нағыз жігіттерге ғана тән деп баға алған спорт түрінен тек іріктелгендер мен лайықтылар ғана өздерін дәлелдейді екен.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

 – Бұл спорт түрі басқаларға ұқсамайды. Мұнда өзіңнің ынтаықыласың мен қабілетің алға сүйреуі керек. Бапкер баптайды, бірақ оған ере білу керек. Қыздар қатыспайды, тек жігіттерге тән спорт. Сондықтан мұнда білек сыбана кіріскендердің арасынан іріктелгендер ғана қалады, – дейді Әділжан Рахмет.

 Жыл сайын бұл жақтан көптеген шәкірт ұлттық құрама сапына енеді.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

«Өзім оқыған жерде шәкірт тәрбиелеймін»

 «Өзім оқыған жерде шәкірт тәрбиелеймін» деп бастады әңгімесін Азамат Аралбаев. Ол каратэ спортына шәкірт баулып жүр. ҚР спорт шебері. Жасөспірімдер арасындағы облыс құрамасының аға бапкері.

– Өзім оқыған кездегі әттеген-айларымды балаларға айтып жүремін. Өзім бағындыра алмаған белестерге шығуына, мен жасаған қателіктерді жасамауына сеп болсам деймін. Ел чемпионатында 5 дүркін жеңімпаз атандым. Ұстаздың жетістігі шәкірттің деңгейінен көрінеді ғой. Алдыңғы толқын салған сүрлеуде өзімізді көрсеткіміз келеді, – дейді Азамат.

Чемпиондар шыққан шаңырақ

Рашид Сандықбаев та осы спорт түрінен шәкірт тәрбиелеп жүр. Әлем және Азияның жүлдегерлерін шығарды. Бүгінгі балалар да халықаралық жарыстарда топ жарып, жеңіс жолында келеді.

Шәкірттеріме айтарым көп...

Мектеп-интернат-колледждің директоры Асылжан Жаманқұл – Сыр спортының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген азаматтардың бірі. Шәкірт тәрбиелеуде оның бағыты мен бағдары бөлек.

Чемпиондар шыққан шаңырақ
Чемпиондар шыққан шаңырақ
Чемпиондар шыққан шаңырақ

 – Мен шәкірттеріме спорттың биікке шығаратынын түсіндіремін. «Сендер осы спорты сүйіп, жетістікке жетемін деп келдіңдер. Сол жетістікке жетіңдер, оған дейін еңбектеніңдер» деп үйретемін. Бізді бітірген спортшылардың бәрі жақсы. Алмас Өтешов те бізде оқыды, Александр Зайчиков те біз де оқыған. Талай мықтылар тәрбиеленіп шықты. Бізде Қызылорданың ең мықты спортшылары тәрбиеленеді.

Өңірде қаншама спорт нысандары ашылып жатыр. Со­лардың әрбірінің жұмысын жүйелеп, алға қадам бастыруға біздің шәкірттердің де, түлектердің де шамасы жетеді. Бірақ заман талабына сай оқу орны да жаңарып отыру керек. Нағыз қазанында қайнап шығады. Басқа да оқу орындарында спортшы мамандығы бар. Бірақ оларда біз сияқты екі мезгіл жаттығу өтпейді. Ал біздің оқу орнының мамандандырылған деп аты айтып тұр. Балалардың әр спорт түрлері бойынша ел чемпионатына, әлемдік жарыстарға қатысуына мүмкіндік бар, – дейді ол.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!