Биыл – қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Ғасырлар өтсе де, Абайдың сөзі мен ойы әлі де мәнін жоғалтқан емес. Ол – өткеннің ғана емес, бүгіннің де шамшырағы.
Сол шамшырақтың жарығын жаңа ғасырдың тілімен сөйлетіп жүрген жастардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Жасанды интеллект институтының студенті Ернұр Қанат. Ол қазақ руханияты мен заманауи технологияны тоғыстырған ерекше жоба – «Абай» жасанды интеллект жүйесін жасап шықты.
Идеясы – ойшылдың қара сөздерін, мұрасын жасанды интеллект арқылы жас буынға түсінікті әрі қызықты жеткізу.
– Біздің мақсат – Абай Құнанбайұлының өлмес мұрасын цифрлы әлемге енгізу. Бұл бастама арқылы қазақ әдебиетін, мәдениетін, дәстүрін цифрлы дәуірге сай бейімдеп, жас ұрпаққа түсінікті әрі қолжетімді формада ұсыну. «Абай» программасы қара сөздерді заманауи форматта түсіндіреді, ойларын философиялық тұрғыда талдайды, тіпті қазақ тіліне негізделген тіл модельдері арқылы сұрақтарға жауап береді. Бұл – оқушылар мен студенттер үшін нағыз танымдық көмекші. Сонымен қатар қазақ тілінің IT саладағы дамуына үлес қосқымыз келеді, – дейді жоба авторы Ернұр Қанат.

Жобаның ең қызықты тұстарының бірі – Абайдың қырық алтыншы қара сөзі цифрлы форматта дайындалып, жасанды интеллект көмегімен ұлы ойшылдың бейнесінде ұсынылды. Экран алдында отырып-ақ, сіз Абаймен сұхбаттасқандай әсер аласыз.
Ернұр Қанат мұнан бөлек компьютерлік көру мен машиналық оқыту әдістерін пайдаланып, қолмен жазылған сан және әріптерді дәл тану жүйесін әзірлеген. «Бұл қолданушыларға өз жазуларын цифрлық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді», – дейді ол.
– Түрлі тақырып бойынша жасанды интеллект көмегімен сұрақтарға жауап беретін, қазақ және орыс тілдерінде сөйлесетін чат-боттар жасадым. Олардың ішінде танымдық, білім беру және ойын-сауық бағытындағы чат-боттар бар. Кейін адам қозғалысын, бет-әлпетті және эмоцияны тану секілді тапсырмаларды шешетін компьютерлік көру жүйелерін әзірлеуді қолға алдым. Бұл жобалар нақты уақыт режимінде жұмыс істейді және қолданушыға ыңғайлы интерфейспен қамтамасыз етілген.
Қазақ тіліндегі жасанды интеллект технологияларын дамытып, ұлттық мәдениетті цифрлы түрде жаңғыртсам деймін. Сондай-ақ қазақ тіліндегі модельдерді әлемдік деңгейге жеткізуді, шетелдік үлгілермен салыстыра отырып жүзеге асыруды қалаймын, – деді жоба авторы.
Расымен жасанды интеллект – ірі серпілістердің бірі. Ол есептеу, деректерді өңдеумен ғана шектелмейді. Қазірдің өзінде білім беруден бастап медицинаға, өнерден бастап өндіріс пен бизнеске дейін сан алуан саланы өзгертіп жатыр. Оның жылдамдығы, дәлдігі, шексіз дерек қорымен жұмыс істеу қабілеті адамға уақыт үнемдеуге, қателікті азайтуға әрі жаңа идеяларды тезірек жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Ал дәл осы жаңашылдықты жастардың дұрыс бағытта қолданып жүргені көңіл көншітеді.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!