Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев «Келешек. Мақсат. Жеңіс» атты жастар форумына қатысты. Дәстүрлі форум жұмысын аудан басшысы құттықтаумен ашып, пандемия кезіндегі аудан жастарының белсенділігін атап өтті.
Сондай-ақ жастарға мемлекет тарапынан зор қолдау барын жеткізді.
– Жігерлі жастардың бойында отансүйгіштік, елжандылық, патриоттық сезім басым болғаны абзал. Ел болашағы жастардың қолында. Қазақ елін өркендетуге үлес қосып келе жатқан жастардың белсенділігі жоғары. Әрбір жас алдағы күнді жоспарлап, алдына мақсат қойғаны дұрыс. Өзі ойлаған арманды жүзеге асырып, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырса игі. Әлемдік деңгейде танылып жүрген жастарымыз баршылық.
Ұлтымыз олармен мақтанады. Қай кезде де жалынды жастарды қолдап, жанашырлық танытқан абзал. Нарықтық заманда тыңбай іздену арқылы өзіңді зор табысқа жетелеу міндет. Қазіргі уақытта білімділер көш басында тұрады. Сондықтан әрбір жас кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру керек.
«Кітап – адамның ақылшысы». Сондықтан жастарға айтарым қай кезде де білімнен қол үзбеу қажет. Шын мәнінде, кәсіпкерлік саласының болашағы зор. Ауданда өз кәсібін дөңгелетіп отырған жастарға бар мүмкіндік жасалуы тиіс. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тың жобаларға инвестиция тартуымыз керек. Сонымен бірге жастар көтерген мәселелердің шешімін табуға жұмыс жасаймыз. «NEЕT» санатындағы жастарды қоғам өміріне бейімдеу маңызды. Жастарға байланысты кез келген мәселе өзекті, – деді аудан басшысы.
Жылдағы форумның дәстүріне сәйкес аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығы табыс етілді. «Жас журналист» номинациясы бойынша әріптесіміз, «Қазақстан Журналистер одағының» мүшесі, «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы АҚТӨРЕ ИБРАГИМҰЛЫНА да осы сыйлық бұйырды. Құттықтаймыз!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!