Фото: gov.kz

Астана тұрғыны Айару Алтынбек классикалық шахматтан Перу астанасы Лимада өткен оқушылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Елордадағы №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің 6-cынып оқушысы Айару жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

“Ең жоғары рейтингтік ұпайы (1868) бар шахматшы соңғы турды сәтті аяқтап, 9 партиядан 8,5 ұпай жинады. Сөйтіп, күміс жүлдегерден 1,5 ұпайға ұзап кетті. Айару қазіргі кезде гроссмейстер Антон Филипповпен бірге жаттығады”, – деді Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.

Оқушылар арасында классикалық шахматтан әлем чемпионаты швейцариялық жүйе бойынша 7-ден 17 жасқа дейінгілер арасында (Open) және қыздар (Girls) арасында бөлек өткізілді. Жарысқа Перу, Қазақстан, Эквадор, Боливия, Мексика, Колумбия және Моңғолияны қосқанда 26 елден 1174 жас шахматшы қатысты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!