Жасанды интеллект пен технологиялар дәуірінде өскелең ұрпақтың жаңашыл бастамалары сүйсіндіреді. Жақында өткен хакатон байқауында үздік деп танылған үш жоба авторымен сұхбаттасып, олардың тың идеялары мен көзқарастары туралы білдік.

Алғашқы кейіпкеріміз – Айзере Бекжан. Ол «Әзірлеу» бағытына қатысып, Trustviser жобасын ұсынған.

– Айзере, алдымен Trustviser туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Бұл қандай жоба, кімге арналған?

– Trustviser – саяхатшыларға арналған әмбебап онлайн-сервис. Жобамыздың негізгі мақсаты – сапарға дайындықты жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге көмектесу. Платформамызда жасанды интеллект негізіндегі жеке гид, маршрут жоспарлаушы, тексеру парақтары, сұрақ-жауаптар мен пайдалы мақалалар қамтылған. Өзгелерден басты ерекшелігі – осының бәрі бір жүйеде шоғырланған. Көпшілік ақпаратты әртүрлі сайттан іздеп, көп уақыт жоғалтады. Біз осы олқылықтың орнын толтыруды көздедік.

– Бұл идея қалай пайда болды?

– Саяхатшылардың күнделікті кездесетін қиындықтары, ақпаратқа қол жеткізудің күрделілігі осы жобаның өмірге келуіне түрткі болды. Біз ресми статистика мен зерттеулерге сүйене отырып, осы мәселенің өзектілігін анықтадық. Әріптесім екеуміз бірнеше стартап жасадық, бірақ дәл осы бастама ең маңызды әрі болашағы бар жоба деп ойлаймын. Қазіргі таңда жобаның жұмыс істейтін веб-нұсқасы бар. Прототип дайын, пайдаланушылар тестілеуден өткізіп жатыр. Ендігі мақсат – мобильді қосымшаны жасап шығару. Қаржылай қолдау тапқаннан кейін осы бағытта жұмысты жандандырып жатырмыз.

– Хакатонда жеңімпаз атанған сәт есіңізде ме? Қандай әсер алдыңыз?

– Байқауға қатысқан командалар өте мықты болды. Әрбір жоба өзіндік идеясымен ерекшеленіп тұрды. Менің ойымша, барлық ұсынылған бастамалар еліміздің дамуына оң әсерін тигізетін әлеуетке ие. Осындай үздіктердің арасында көзге түсу, әрине, бұл мен үшін өте ерекше әрі ұмытылмас сәт болды. Жобамыздың жүлдеге ие болғанын естігенде қуаныш пен мақтаныш сезімі қатар келіп, толқығаным рас. Бұл – бірнеше айлық еңбектің, ізденістің нәтижесі еді. Байқаудан алған қаржыны техникалық өзгерістер жасауға, мобильді қосымшаны жетілдіруге және маркетингке қолдану жоспарда бар.

Жақын арада қосымшаның ресми нұсқасын шығарып, нарыққа жол тартуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, инвестиция тарту, нақты қолданушылармен кері байланыс орнатып, жобаны одан әрі дамыту – басты мақсаттарымыздың бірі.

– Жауабыңызға рақмет!

Жасанды интеллект – медицинаға көмекші

ЖИ секциясының үздігі Әлішер Романқұл небәрі 16 жаста. Ол Health-X атты тың жобасымен көзге түсіп, жеңімпаз атанды. Өз жобасы арқылы жасанды интеллект пен машиналық оқытуды медицина саласына енгізіп, халыққа сапалы әрі қолжетімді көмек көрсету жолдарын ұсынды.

Health-X – жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологиясына негізделген медициналық кескіндерді талдау платформасы. Мысалы өкпенің рентген суреттері, КТ, тері суреттері, қандағы жасуша бейнелері. Бұл жоба медициналық орындарда кәсіби мамандардың жетіспеушілігін азайтып, диагноз қоюда көмекші құрал бола алады. Сонымен қатар, диагностика процесін жылдамдатып, дер кезінде анықтау арқылы аурудың алдын алуға сеп болады. Веб-сайтында да түрлі медициналық кескінді саралап, жасанды интеллект көмегімен болжам жасап береді.

Жоба авторының айтуынша, медициналықмекемелердегі ұзын-сонар кезектің әсерінен осы жоба пайда болған.

– Қала тұрғындары көбіне ұзақ кезектің кесірінен дер кезінде көмек ала алмай жатады. Осы мәселе мені толғандырды. Бір жағынан, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері күн сайын артып келеді. Сол себепті, ЖИ-ді медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру құралы ретінде қолдану ойы туындады. Нәтижесінде Health-X дүниеге келді, – дейді ол.

Қаізр жобаның веб-платформасы жұмыс істейді. Ол қолдануға жарамды дейді Әлішер. Ал алдағы уақытта мобильді қосымша ретінде жасап, халыққа кеңінен қолжетімді етуді жоспарлап отыр екен.

– Бұл байқаудан бөлек Kyzylorda Hub ұйымдастырған бірнеше хакатонға қатысып келемін. Бұған дейін NIS Hackathon-нан екінші орын алсам, INFORMATIX ASIA – 2025 халықаралық байқауында да жүлдегер атандым. Бұл жобадан бөлек, әлемнің әр аймағындағы климат жағдайын шынайы уақытта бақылауға арналған жоба дайындау үстіндеміз, – деді.

Жас өнертапқышпен ЖИ жөнінде де сөйлестік.

– Жасанды интеллекттің пайдасы көп: ол адам өмірін жеңілдетеді, үлкен деректермен жұмыс істей алады және медициналық болжам жасауда ерекше тиімді. Алайда, ЖИ-дің жұмысты автоматтандыруы кей мамандықтардың азаюына себеп болуы мүмкін. Дегенмен, менің ойымша, бұл – жаңа, маңызды мамандықтардың пайда болуына жол ашады. Егер ЖИ-ді көмекші құрал ретінде қолдансақ, ол адам өмірін жақсарта түседі, – деп жауап берді ол.

– Алдағы уақытта Health-X-ті пилоттық жоба ретінде медициналық ұйымдарға ұсынып, тестілеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Қателермен жұмыс істеп, жүйені жетілдіру – басты мақсат. Содан кейін кең көлемде қолданысқа енгізуге мүмкіндік болады деп сенеміз. Байқаудағы қарсыластар өте білімді, креативті және тәжірибелі болды. Әр жоба қоғамның әртүрлі саласын қамтып, ерекше идеяларымен ерекшеленді. Бұл – біздің елде дарынды жастар көп екенін көрсететін тамаша мүмкіндік болды, – дейді Әлішер.

Жи мен жол қозғалысы ұштасқанда

Жол қозғалысындағы кептеліс Пен апатты жағдай – бүгінгі қала тіршілігінің өзекті мәселелерінің бірі. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Сұлугүл Дәулетбекова осы түйткілді шешуге бағытталған TrafIQ жобасын ұсынып, хакатонда жүлделі орын иеленді. Ол жобасында жасанды интеллект мүмкіндіктерін көлік ағынын басқаруға тиімді қолдану жолын ұсынды.

– TrafIQ – жолдағы көлік қозғалысын нақты уақыттағы дерек арқылы талдап, тиімді басқаруды көздейтін жоба. Жасанды интеллект көмегімен кептелістерді алдын ала болжауға, апатты жағдайлардың алдын алуға болады. Бұл тек жол қозғалысын ғана емес, экологиялық және әлеуметтік ахуалды да оңтайландыратын шешім. Ауа сапасын жақсартып, тұрғындардың жүйке-жүйесіне де жағымды әсер етеді.

Қазір прототип дайын. Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін негізгі алгоритмдер сынақтан өтті. Алдағы кезеңде нақты қаланың инфрақұрылымына бейімдеу жұмыстарын қолға алуды жоспарлап отырмыз, – дейді жеңімпаз.

Әлия ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!