Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 95, қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің 30 жылдығына орай «Сыр медиа» ЖШС-нің ұйымдастыруымен «Журналистика – мәні терең мамандық» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Жиынның ашылу салтанатында облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов ақпарат саласының маңыздылығына тоқталып, бұл байқау жас таланттардың көпке танылуына ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен бірге «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Ділдәбекова, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің редакторы Әзиз Батырбеков қос басылымды мерейтойымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мүшәйрада жас таланттар «Журналистика – мәні терең мамандық» тақырыбы бойынша жазған өлеңдерімен қатар еркін тақырыптағы туындыларын да ортаға салды.
Сайыстың нәтижесі бойынша бас жүлдені жас ақын Ұлықбек Бектай иеленді. Ал І орынды Мерей Қалабай, ІІ орынды Данияр Құрбанәлі мен Мереке Қуаныш, ІІІ орынды Расул Жеткерген, Нұрайна Жүсіпбекова, Талшын Оспан еншіледі. «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша Нұрбек Ақтай марапатталса, Азамат Қонысбек, Ботагөз Мұхамбетжанқызы мен Мерей Шәкратқа алғыс хат табысталды. Шара нәтижесінде барлық қатысушы арнайы сыйлықтарға ие болды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!