Қазақстан құрамасы Аустралияда өткен әлемдегі ең беделді пәндік жарыстардың бірі – Математикадан халықаралық олимпиадада (IMO-2025) жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл жарысқа 112 елден келген 650-ге жуық үздік жас математик қатысқан.

Олимпиада қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар төрт күміс, екі қола медальжеңіп алды. 

Күміс жүлде иегерлері – Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің оқушылары Мирон Юркевич (12-сынып) пен Амирлан Аманжолов (11-сынып), Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы Марғұлан Шарел және Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Амир Сахипов. Қола медальды Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы Ерасыл Алтынбек пен Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерқанат Кеңшілік жеңіп алды.

Ұлттық құраманың ғылыми жетекшілері – PhD докторы Асылбек Исахов пен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Қанат Сатылханов.

Математикадан халықаралық олимпиада – әлемдегі ең беделді пәндік жарыстардың бірі. IMO олимпиадасы 1959 жылдан бері өткізіліп келеді және ол International Science Olympiads деп аталатын жеті пәндік халықаралық олимпиаданың қатарына кіреді. Қазақстан бұл жарысқа 1993 жылдан бастап қатысып келеді. Осы уақыт аралығында ұлттық құрама 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медаль және 29 құрмет грамотасын иеленген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!