Қызылордалық оқушылар ірі қалалардағы ауаның ластануына технологияның көмегімен шешім табуда. Dabyl стартапы − тек инновациялық құрылғы ғана емес, бұл − болашаққа деген жауапкершіліктің белгісі.

Жобаның негізін қалаушылар − Nauanix командасы. Надира Атымтай, Гүлім Болатқызы, Дара Сақтапберген мен Аяжан Төребек барлығы да Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары. Олар Алматының әлемдегі ең ластанған қаланың бірі екенін білгенде, бұл мәселені шешуге бел буады.

Қызылордалық оқушылардың тың жобасы

Dabyl ауадағы зиянды PM2.5 және PM10 бөлшектерін арнайы сенсорлар арқылы өлшейді де, нәтижесін бөлме шамының түсі арқылы көрсетеді. Ең бастысы, құрылғы тек ескертіп қана қоймай, ауа сапасы нашарлағанда, кіріктірілген ауа ылғалдандырғышты іске қосып, оны тазарта бастайды. Бұл жоба қазірдің өзінде айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерді. Мысалы, жас инноваторлар Түркияда өткен халықаралық «Empower Me» байқауының жеңімпазы атанды, екі қалада құрылғыны сынақтан өткізіп, алғашқы қолданушылардан оң пікір алды, «Empower Me» бағдарламасының екі айлық акселераторынан өтіп, бизнес-модельдерін жетілдірді, «Kyzylorda Hub» қолдауымен жоба әлеуметтік желілерде танымалдылыққа ие болды.

− Иә, «Empower Me» бағдарламасының аясында бизнесмодельдерді жетілдірдік. Ал бұл байқау жөнінде Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы арқылы білдік. Финалист атанған сәтте орталық біздің жобаның танылуына, көп адамның білуіне, пиар жағынан көп көмек көрсетті, − деп пікір білдірді команда мүшелері.

Қызылордалық оқушылардың тың жобасы

Байқағанымыздай, бұл оқиға − хабтың жас таланттарды қолдаудағы маңызды рөлін айқындап тұр.

Команданың болашаққа деген жоспары зор. Олар Қазақстанның басқа қалаларына шығып, ауқымын кеңейтуді мақсат етеді. Сондай-ақ команда қазіргі таңда құрылғыға онлайнтапсырыс беруге арналған сайт дайындауда және түрлі гранттар мен инвестициялық байқауларға қатысуды жалғастырып жатыр. Мұнан бөлек халықаралық нарыққа шығып, өз елімізде ғана емес, әлемдегі экологияны жақсартуға үлес қосқылары келетін де айтты.

Dabyl жобасы − қызылордалық жастардың технологияның көмегімен жаһандық мәселелерді шешуге қауқарлы екенінің айқын дәлелі. Бұл өңірдегі инновациялық потенциалдың жоғары екенін көрсететін жарқын үлгі. Озық технологияларды енгізіп, қоғам игілігі үшін жұмыс істеп жатқан мұндай стартаптар жергілікті экожүйенің дамуы үшін аса маңызды.

 Салтанат СЕЙТЖАН,

«Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының менеджері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!