Қызылордада өткен «Innofest Qyzylorda – 2023» облыстық инновациялық жобалар фестивалі жеңімпаздарының бірі – №285 мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9 сынып оқушысы Жайылхан Бекзат Маратұлы. Ол «Цифрлық сабақ жоспары» жобасын әзірлеп, таныстырған болатын. «Біздің платформа болашақта Kundelik.kz-тен кейін екінші орында болады» дейді жетекшісі Дархан Совет бізбен әңгімесінде.
«Туған ағам – мұғалім. Сабақ жоспары әзірленіп, ол бекітіліп, қолданысқа енгізілемін дегенше қанша уақытын жұмсайды. Әрине, оған қосымша қағаз шығынын да айту керек. Бұл жоба арқылы мен екі нәрсені үнемдейтінін айттым. Біріншісі – уақыт, ол қазіргі сәтте бәрінен құнды. Екіншісі – қағаз, сия тәрізді түрлі шығындар. Иә, осы күні мұғалімдер көптеген кедергілерді бастан өткеруде. Қалған уақытын өзінің кәсіби біліктілігін арттыруға, балаларға сапалы білім беруге жұмсар еді», – дейді жеңімпаз Бекзат.
Бекзат осы сайыста Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің білім грантын жеңіп алды. Аламанның бас бәйгесі де осы болатын. Бекзатпен бірге оның жетекшісі Дархан Совет те қуанды. Әрине, шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің көрінісі.
«Бар шаршағаныңды ұмытып, қуанатын кезеңің – жеңіске жеткен сәт. Мәселен, диқан егінді аман-есен жинап болғанда қалай қуанып, аптығын басса, біз де сол сезімде болдық. Бір айырмашылығы, біздің егін жинау науқаны толастамайды. Күзде бітті, болды деген жоқ. Мойындағы үлкен жауапкершілік пен әріптестердің артқан сенімі қай кезде де алға жетелейді. Біздің білім ошағының ашылғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ соған қарамастан шәкірттерімізбен бірге бұл оқу орнына түсудің өзі жетістік екенін танытқымыз келді. Біздің мақсат білім грантын ұтып алумен шектелмейді. Алда талай аламанның көркін қыздырамыз, талай биікті бағындырамыз. Білім айдынында талай мықтының қанатын қатайтатын деңгейімізді танытамыз», – дейді техника ғылымдарының магистрі Дархан Жамалханұлы.
Бекзат Маратұлы осындай мықты ұстаздардан білім алып, алда да өзінің шеберлігін шыңдай түсетініне сенімді. Тоқмейілсу адамды тежейтініне біледі.
«Білімдінің күні – жарық» дейді халық даналығы. Әлемдегі қай мамандықты меңгеремін десеңіз де, алдымен білім керек. «Білімсіз күнің жоқ, оқусыз білім жоқ» деген ата-бабамыз да осы ерекше құндылықтың қадірін бағамдаса керек. Мен әкемді үлгі тұтамын, мақтан етемін. Әкем тәрізді азамат болғым келеді. Кісі ақысын жемейтін, тура жолдан тайқымайтын, мықтымын деп көкірек ұрмайтын қазақтың бір баласы болсам жеткілікті. Мамандыққа келсек, әлі тұрақты мақсат қойғаным жоқ, өйткені, кім болатынымды шешпедім. Мүмкін, ІТ саласының өкілі, бәлкім жеке кәсіпкер болармын. Қайткен күнде де тәуелсіз еліміздің тұғырын нықтап, әлем төріндегі даңқын асқақтататын азамат болсам жеткілікті. Ал бүгінгі жобама келсем, сәтін салса, қолданысқа еніп, ұстаздарыма тигізген пайдам болар еді», – дейді дарынды Бекзат.
Иә, сайыста бақ сынаған 600 баланың ішінен аламанның алдына шығып, биіктерді еңсерген Бекзаттың бұл жетістігі Сыр өрендерінің өресі биік екенін тағы бір байқатты. Бекзат тәрізді ондаған бала жүйрік атанып, жетістік желкенін керді. Мұндай жастардың қалыптасып келе жатқанын көру – біздің де басқа жазған бақ екені рас.
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген
Нұрболат Нұржаубай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!