Kyzylorda-news.kz Жақында Қызылжар төрінде республикалық айтыс болып өтті. Осы  додада жерлесіміз айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанхан бас жүлдені қанжығасына байлады.

Айта кетейік, Қызылжар халқының қара өлеңге ықыласы ерекше. Жыл сайын бұл өңірде аламан айтыстар болып өтеді. Ал залға жиналған сөзұғар көрермен оның – дәлелі. Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған «Ұлы күні Ұлыстың, Басы болсын ырыстың» атты айтысқа елге белгілі 14 ақын қатысты.

Айтыстың ерекшелігі – әр жұпқа жеке-жеке тақырып беріліп, мерейтойы келіп жеткен тұлғалар жырланды.Жыр жүйріктері кезек-кезегімен Біржан сал Қожағұлұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Сәкен Жүнісов, Ерік Асқаров сынды мерейтой иелерімен қатар, салт-дәстүр, мейірімділік, көші-қон, тәрбие, бірлік, ұлттық киім және спорт тақырыптарына жыр өрді.

Нәтижесінде барша қатысқан ақындарға 300 мың теңгелік ынталандыру сыйлығы берілді. Үшінші орынның 400 мың теңге жүлдесі Иранғайып Күзембаев, Жарқын Жұпархан, Айым Асылбекқызы, Хазірет Бердіханға бұйырды. Ал екінші орынды Нұрбол Жауынбаев пен Мақсат Ақанов тұрақтап 600 мың теңгеден жеңіп алды. Бірінші орынның 1 млн. теңгесін Төлеген Жаманов еншіледі. Бас жүлденің 2 млн. теңгесі екі айналымда да көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Мейірбек Сұлтанханға лайықты деп саналды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!