25 жылдық тарихы бар ұлттық байқау «QAZAQ ARUY» биыл да дәстүрінен жаңылмай, жаңа форматта өтті. Ақылына көркі сай сұлулар бақ сынайтын бұл сайысқа қатысу талай арудың арманы десек қателеспейміз. Ал биылғы жылдың «Қазақ аруы» Сыр өңірінің тумасы, мақтанышымыз – Ақкербез Ысқаққызы атанды.

«QAZAQ ARUY» байқауы – қазақ қыздарының сұлулығы мен ұлттық мәдениетті дәріптейтін байқау. Бұл сайыс жыл сайын өтіп, қатысушылар тек сұлулық емес, сонымен қатар білім сапасы мен өнерге бейімділік және қазақтың салт-дәстүрлерінің мағынасын тарқатып айта алуы тұрғысында да сынға түседі. Байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау және жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеу.

Сайыс шарты бойынша бекітілген жас мөлшері 16 мен 25 жас аралығындағы қатысушылар қазақ тілін жетік білуі, халық әндері мен билерін орындай алуы, ұлттық нақыштағы киім кию дәстүрінен хабардар болуы қажет.

Қызылорда облысының шашбауын көтеріп, абыройын асқақтатқан Ақкербез «QAZAQ ARUY 2024»-тің екі мәрте жеңімпазы атанды.

Бақталас алаңында бұған дейін жеңімпазды арнайы әділ-қазы алқасы анықтаса, биыл бұл ереже өзгеріп, халық дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Арнайы сайт арқылы жүрген дауыс беру рәсімі көпшіліктің күмәнін тудырды, себебі провайдерден ақау шықты. Бұл техникалық ақаудың кесірінен байқауды «әділ өтпеді» деушілер қарасы көп болды. Сайыс төңірегінде көтерілген дау- дамайды басу үшін, байқау ұйымдастырушылары қайта дауыс беру кезеңін ұйымдастырды.

21 қыз бақ сынасқан сайыста жеңіске жеткен 17 жастағы Ақкербез Ысқаққызы бірінші дауыс беру нәтижесі бойынша 30,04% халық қолдауына ие болса, екіншісінде 37,4%-ға жеткен.

– Ішімдегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Менің емес, елімнің жеңісі. Бұл тек менің ғана емес, барша халқымның абыройы мен мақтанышы. Аллаға шүкір, бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміз тек бастамасы. Алда әлі талай асулар, биік шыңдар бар. Бұл жолда адал еңбек, табандылық пен ынтымақтың арқасында өз күшімізбен, өз еңбегімізбен биік мақсаттарға жетуге болатынын тағы да дәлелдедік. Елдің бірге атқарып жатқан үлкен істері мен ұлы жеңістері – біздің ортақ жеңісіміз!, – деп жүрекжарды пікірімен бөлісті Ақкербез.

Ақкербез Ысқаққызы – Қызылорда қаласындағы «125 highschool» мектебінің түлегі. Шиелі ауданында дүниеге келген бойжеткеннің бойы 1,80 см-ді құрайды. Айтуынша, балалық шағында бойшаңдығының әсерінен буллингке де ұшыраған екен. Алайда уақыт өте ол өз ортасын ауыстырып, болмысын жақсы көре бастаған.Достарының қолдауының арқасында, сондай-ақ өзіне деген сенімнің күшімен Ақкербез «Сыр аруы – 2024» байқауының жеңімпазы атанды.

Бүгінде ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» мамандығының 1 курс студенті. Әлемдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік процесстерді терең түсінуге асығатын ару байқауда экологиялық мәселелерді көтеріп, жер анамызды аялауға шақырды.

Ақылына көркі сай сырбойылық жеңімпаз әрбір қазақ қызын алтын тәжге лайықты деп санайды.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!