Күй – дәстүрлі өнеріміздің күрделі тармағы. Сыр өңірінің мәдениетінде күйшілік дәстүрдің тарихы тереңге бойлап, асыл өнеріміз күні бүгінге дейін өз жалғасын үзген емес. Оның бір дәлелі Сырдың бас шаһарында Ұлттық домбыра күніне және Қазанғап Тілепбергенұлының 170, Жалдыбай Елеукеұлының 130 жылдығына арналған «Сыр толқыны» атты I республикалық күйшілер конкурсы өтті.

Қазақ күй мұрасына ерекше сазды күйлер әкелген айрықша дарын иелері Қазанғап Тілепбергенұлы мен Жалдыбай Елеукеұлының сарыны бөлек, тартысы ерекше күйлерінде ұлттық саз өнерінің інжу-маржаны түзілген. .Күй додасына республикамыздың түкпір-түкпірінен және Қызылорда қаласынан 15 дарынды күйші қатысып, бақ сынады.

Конкурстың мақсаты – Сыр бойы күйлерін қайта жаңғыртып, күй мұрасын жастарға насихаттау арқылы халқымыздың көне, фольклорлық этнографиялық домбыра аспабын меңгеруде шеберліктерін шыңдау, талантты күйшілердің шығармашылығына қолдау білдіру.Талантты жас күйшілердің жаңа есімдерін шығару. 

Талапкерлер екі кезең бойынша өнер көрсетті. Алғашқы кезеңде Қазанғап, Шал Мырза, Әлшекей, Құрманғазы күйлерін орындаса, екінші кезеңде Жалдыбай, Құрақтың Досжаны, Маңғыстау күйшілік мектебінің күйлерінен бір күй орындады.

Конкурста күйші, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Өнертану» мамандығының қауымдастырылған профессоры Ерболат Мұстафаев, күйші, профессор, Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық музыкасы» факультетінің деканы Төлепберген Тоқжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші, облыстық симфония оркестрінің дирижері, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің директоры Мүсілім Әмзе және күйші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Әлімжан Әбсадықов талапкерлердің өнерін бағалап, қазылық етті.

Қазылар алқасының қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынды – Бердібай Ерболат(Шымкент),Жүнісбек Медет (Қызылорда). ІІ – орынды Тапалов Нұрболат (Астана), Дүйсенбай Арсен (Қызылорда) І орынды – Шоқбаев  Сырым (Алматы) иеленді. Ал, конкурстың Бас жүлдесін Әлімхан Нұрғали (Қызылорда) жеңіп алды. 

Қазанғап атындағы арнайы жүлдені Жолдығали Әділет иеленсе, Жолдыбай атындағы арнайы жүлде Санай Дінмұхамедке табысталды.

Сыр елінде өткен күй додасы, талай тыңдарманды тамсандырып, күй құдіретінің халық жадында жаңа серпіліс тудырғаны  сөзсіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!