Жеті елден келген 5000-ға жуық жас өнертапқыш Астанадағы EXPO көрмесінде бас қосты. Тәжірибе алмасты. Бақ сынады. Болашақ инженерлер темірге жан бітіріп, дрон ұшырып, ЖИ жайлы пікірталас ұйымдастырды. Мұның барлығы «ALEM TECH FEST − 2026» фестивалінде өткен еді.

Иә, кейінгі жылы елімізде STEM білім беру, ЖИ мен робототехника бағытына басымдық беріліп келеді. «ALEM TECH FEST − 2026» фестивалі де сөзімізге дәлел.

Іс-шара барысында FIRST LEGO League, FIRST Tech Challenge, RoboCup Soccer, RoboCup Rescue, Physical AI Championship, FPV Simulator Racing, Whoop Racing, Drone Football, Alem Drone Challenge, AI Drone Challenge бағыттары бойынша байқау мен білім беру бағдарламалары ұйымдастырылды. Оқушылар Hour of AI білім беру бастамасы арқылы интерактивті тапсырмаларды орындай отырып, жасанды интеллект негіздерімен танысса, жалпы қатысушылар WSO бағыты аясында спутниктік жобаларды әзірлеуге және түрлі санат бойынша робототехникалық шешімдер дайындады. Іріктеу кезеңінен өткен командалар финалда жобаларын сарапшылар алдында таныстырып, командалық сұхбатта білімін, логикасын, табандылығын дәлелдеуге тырысты. Үздіктер Хьюстон қаласында өтетін «FIRST Championship » әлемдік байқауының финалына жолдама алды. Яғни бұл фестиваль халықаралық деңгейге шығатын баспалдақтің бірі еді.

Осындай үлкен додада Сыр елінің жас техниктері де шет қалмады. RoboCup Rescue бағытында Unitree Go 2 робот-итімен өткен күрделі сайыста LUPIC командасы І орын иеленді. Бұл – тек техникалық шеберлік емес, алгоритм мен стратегияны үйлестіре білген еңбектің нәтижесі. Ал Alem Drone Challenge бағытында FlyOrda командасы күміс жүлдеге қол жеткізсе, Drone Football сайысында сегіз мықты команданың арасынан суырылып шығып, ІІІ орын алды. FlyOrda командасы бірнеше бағытта қатар нәтиже көрсетіп, жүйелі дайындықтарын дәлелдеді. Команда жетекшісі Ержан Кенжеевтің «Үздік жетекші» атануы да – жай ғана марапат емес. Мұндай саладағы жеңіс тек код жазумен өлшенбейді. Команданың сенімі, техникалық тәртіп, уақытты басқару, дұрыс бағыт-бағдар – барлығы ментордың еңбегіне байланысты. Сондықтан бұл жетістік – шәкірт пен ұстаздың бірлескен жұмысының нәтижесі.

Бүгінгі оқушы ертеңгі технологиялық шешімдерді қалыптастыратын буын. Ал мұндай алаңдар сол болашақтың іргетасын қалап жатқаны қуантады.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!