Жыл бойғы жұмыс сараланатын желтоқсанда жас мамандар «Самғау» жастар сыйлығының лауреаты атанды. Мерейлі марапатты Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Пакуатдин Сражадинұлы дәстүрлі «QOSYL премия» қала жастарының қорытынды кешінде табыстады.

– Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Уақытында Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» десе, Қасым Аманжолов «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ?!» деп тамсанды. Мен сіздерді алты алаштың ардақтысы Мағжан, Қасым айтқан рухты жастар деп білемін.

Расында, өзінің жеке мақсаттары мен мүдделерінің қоғамдық игіліктермен үндес екенін және өз елінің дамуына зор үлес қосатындығын шын жүректен сезінген адам нағыз бақыт табады.

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауларында жастардың қуатты және дамыған мемлекет құрудағы маңызды рөлін тілге тиек етіп, жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші екенін, сіздердің осы әлеуеттеріңізді дұрыс бағытқа пайдалану қажеттігін жиі айтады.

Жалпы, Қыдыр дарып, құт қонған біздің шаһарда бұл тұрғыда көптеген жұмыс атқарылуда. Жастарға жасалған үздіксіз қолдаудың нәтижесінде «QOSYL» жастар орталығының республикада үздіктер қатарын толықтыруы басты жетістіктердің бірі деуге болады, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ шаһарда шығыс жастарының жалынды жетекшісі болған Ғани Мұратбаевтың бүгінгі ізбасарлары деген атқа лайықтылар шоғыры қалыптасып келе жатқаны көңіл қуантатынын жеткізді.

Дарынды жастарды қолдауға бағытталған жастар сыйлығы 10 жылдан астам уақыттан бері тұрақты түрде табысталып келеді. Іс-шарада жастар саясатын жүзеге асыру бағыттары бойынша үздік 7 жас Қызылорда қаласы әкімінің 150 000 теңге ақшалай сыйлығы мен «Самғау» жастар сыйлығының естелік статуэткасымен марапатталды.

Жастарға серпін берген бұл жиында республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Абзал Жолтерек «Медиа және журналистика» бағыты бойынша жастар сыйлығын иеленді. Сыр өңірі ғана емес республикадағы жаңалықтардың жаршысына айналған жастар басылымының жұмысын үйлестіріп, медиа саласының дамуына үлес қосып жүрген жас қаламгер сауатты сараптама, мазмұнды мақалаларымен көптің көңілінен шығуда. Сонымен қатар іс-шарада «Білім және ғылым» бағыты бойынша Маржан Ердібек, Айбек Оразбахов, «Мәдениет» бағыты бойынша Нұрай Рүстемова, Берік Ахмед, Данияр Сабыров, Әлішер Шөжен үздіктер қатарынан көрінді. Биылғы ерекшелік жастар саясатын жүзеге асыру бағыттарынан бөлек техникалық мамандық иелеріне «Самғау» табысталды.

12 тамыз – Жастар күнінде де кәсіби салада жұмыс істеп келе жатқан жастар «Құрылысшылар», «Тігіншілер», «Дәнекерлеушілер», «Электриктер» мен «Аспаздар» номинациялары бойынша «Самғау» жастар сыйлығын иеленген болатын.

Жеңімпаздардың бірі С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Маржан Ердібек менің өмірлік мақсатым – қоғам дамуына үлес қосу дейді. Ол 2022-2024 жылдары халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алған болатын.

– «Самғау» жастар сыйлығы – қаладағы белсенді жастардың жетістіктерін бағалап, олардың болашаққа деген сенімін арттыратын маңызды марапат. Бұл сыйлық жастардың қоғамдағы рөлін айқындап, олардың шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін таныту тұрғысынан ерекше маңызды. Өз ісінің маманы болып қалыптасқан, жаңа биіктерге ұмтылған жастарды марапаттау арқылы біз тек олардың жеке жетістіктерін ғана емес, ел дамуындағы үлестерін де танимыз, – деді Маржан Кеңесқызы.

Үздіктер сараланған салтанатты жиында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастар саясаты саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар маман қала әкімінің арнайы «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Еркін формат, ерекше көңіл-күйде өткен іс-шарада қызықты номинациялар мен «Qosyl премия» сыйлығы «Үздік ауыл әкімі», «Белсенді ауыл жастары», «Үздік қызылордалық контент», «Үздік жастар контенті» және «Хас батыр» номинациялары бойынша жыл үздіктеріне берілді.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!