Өңірде қайсыбір істің басында да еріктілер көшін бастап жүретін жерлесіміз Болатбек Айтбенбетов таяуда ғана халықаралық волонтерлар күніне орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы атанды. Волонтер бұл сыйлықты «Әуелі Алла, жерлестеріміздің, волонтер достарымның қолдауының арқасында келген номинация. Бұл – біздің жеңіс, біздің жетістік. Біз біргеміз!» деп бағалайды.
Сыр халқына танымал азамат осылайша атқарған қыруар істің жемісті нәтижесіне қол жеткізді. Әлбетте, ауыз толтырып айтарлық ауқымды іс бір ғана марапаттың ауқымына сыя қоймас. Десек те, Болатбектің болаттай болмысы мұнымен тоқтап қалуға болмайды дегенге саяды.
«Бұл марапат «Волонтерлер» фронт офисінің жұмысына берілген үлкен баға деп білуге болады. Жалғыз менің емес, менің командамның марапаты. Біздің ортақ жетістігіміз. Алдағы уақытта қатарымызды көбейткіміз келеді. Әрине, санына емес, сапасына көп мән береміз. Әр істің өзінің білікті маман-волонтерларымен қатарымыз толықса дейміз. Бізде бірнеше бағыт бар. Сол бағыттың әрбірінде саланы білетін тіс қаққан мамандар болғаны жөн. Алдағы уақытта волонтер деген сәтте ең бірінші Қызылорда облысы еске түсетіндей деңгейге жетсек деген жоспар да бар. Алдағы жыл ТМД елдері бойынша волонтерлер жылы болмақ. Сол атаулы датада біз Қазақстанның атын шығарғымыз келеді», – дейді Болатбек Серікбайұлы.
Атап өтейік, Қызылорда облысының волонтерлар фронт-офисі биыл волонтерлік бағытта 150 шара ұйымдастырып, оған 3500-ге жуық волонтер тартылды. «Qamqor», «Taza alem», «Asyl mura», «Sabaqtastyq» «Bilim» «Umit», «Saulyq», «Media», «Аyala» тағы басқа да түрлі бағыттар бойынша жан-жақты көмек беріп келеді.
«Республикалық волонтерлер фронт-офисі ұйымдастырған «Жыл волонтеры» сыйлығына облыстан 20 ерікті үміткер ретінде қатысып, 2-еуі «Жыл волонтеры» номинациясына ие болды. Бұл – біз үшін мақтаныш. Облыстық волонтерлер фронт-офис волонтерлері, акциялармен шектелмей, «Мектепке жол» акциясы секілді көптеген қайырымды істердің басы-қасынан табылып, халықтың алғысына бөленіп келеді. Бүгінде облыста 27 волонтерлік ұйым, фронт офис жанында 2000-нан астам волонтер бар, – деді Б.Айтбенбетов.
«Волонтер – мейірімді жан. Әрбіріміздің жүрегіміз мейірім мен махаббатқа толсын» деген кеңпейіл Болатбек Серікбайұлы алдағы уақытта да бұл бағытта аянбай еңбек ететінін айтты.
Қолы қимылдағанға ақы сұрайтын қоғамда Сырдың ерікті азаматтарының атқарып жатқан ісі қай кезде де алдыңғы қатарда жүр. Бүгінде әлеуметтік желі мен басылымдарда «Қызылордада волонтер кім десе, ең алдымен ойымызға Болатбек келеді» деген жылы лебіз бен ыстық ықылас жиі назарға ілігуде. Иә, еңбектегі ең биік баға – халықтың ықыласы.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!