Өз алдына егемен ел болған Қазақстанның болашағы бүгінгі жастардың қолында. Иә, бұл үлкен жауапкершілікті жалағаштық жастар әсте жадынан шығарған емес. Қай уақытта болсын, елмен бір болуды, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында ымырамен һәм ауызбіршілікпен іс қылуды мақсат еткен олар әркез аға буын артқан сенім үдесінен шығып келеді.
Ел ағаларының да “жас келсе, іске” деп оларға көбіне сенім артатыны, ал артылған сенімге сызат түсірмеуде аудан жастарының үлкен жобаларды қолға алып жатқаны бізді қуантады.Расында ауданда жастарды қолдау мақсатында атқарылған жұмыстар жемісін беріп жатыр. Ал олардың әрбір іске жауапкершілікпен қарауы сол қолдауды шын сезінгенін аңғартса керек. Соңғы екі жылда әлемді аяғына тік тұрғызған індетті ауыздықтауда да жалағаштық жастар қарап қалмады. Ерікті жастар қарапайым халыққа тегін бетперде таратып, көше-көшені аралап, қауіпсіздік ережесін сақтау тек бір адамның ғана емес, тұтас бір Отанның болашағына алаңдау екенін жергілікті халықтың қаперіне салды.
Ал жыл басынан бері жағдайы төмен бір отбасына баспана сыйлау жобасы олардың қайырымдылық шараларынан да шет қалмауды мақсат еткенін айқын аңғартып тұр.Өңір өркендеп, егемен ел болашағы жолында еткен еңбектің жемісін көру үшін бар салада серпін қалыптасуы қажет. Шүкір, қазір кәсіпкерлік дейсіз бе, әлеуметтік, білім, спорт, мәдениет, жалпы қай саланы алып қарасаңыз да жастар табанды еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырып жатыр. Біз аға буынға қарап бой түзесек, кейінгі буын бізді бағдаршам деп біледі. ұрпақ сабақтастығы деген де осы шығар, сірә.Жыл сайын тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жалағаштық жастардың қорытынды шарасы өтеді.
Оның үстіне соңғы 3-4 жылда әр салада табандылықпен еңбек еткен жастарға шабыт беру мақсатында аудан әкімінің “Жалын” жастар сыйлығы табысталады. Биыл да дәстүрлі һәм қорытынды шара жалғасын тауып, онда жалағаштық жастардың жеткен жетістіктері, қолға алған жобалары мен тындырымды ісі аға буынның сөзіне арқау болды. Аудан әкімі Асылбек Шаменов те ел болашағы бүгінгі жастардың қолында екенін тілге тиек етіп, оларға құрмет көрсетті.
– Біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында жүздесіп отырмыз. Сондықтан алдымен баршаңызды келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі маңызды мереке жоқ. Еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, одан әрі өркендету – жастардың қасиетті борышы. Сондықтан сіздерге зор үміт артамыз. Ел болашағының тұтқасын ұстайтын сіздер деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – жас мемлекет, елімізді жастардың мемлекеті десек, қателеспейміз. Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» деген болатын. Ел Тәуелсіздігінің одан әрі қарыштап дамуының бірден бір кепілі – жастар саясатын тиімді жүзеге асыру. Ауданда да мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қай саланы алып қарасаңыз да оның дамуы жолында біздің жастарымыз қажырлы еңбек етіп жатыр. Біз оны жоғары бағалаймыз. Мереке құтты болсын. Әлі де жастарды қолдау шараларын жалғасын табады, – деді өңір басшысы Асылбек Өмірбекұлы.
Жалағашта 36 мыңнан аса халық бар, оның 22,8 пайызын жастар құрайды. Өркендеген өңірде мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру да бір ізге тсүкен. Мәселен, биылдың өзінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 14 млн теңге қаржы қаралған. Оның ішінде 4 млн теңгеге 4 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған.
Жастар арасында жұмыссыздықты ауыздықтау мақсатында қолға алынған шаралар да өз жемісін беріп жатыр. Жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталығына 775 жас жұмыс іздеп барса, барлығы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Оның ішінде 59 жастың жарқын жобасы жалпы құны 35 млн теңгеге жуық қайтарымсыз қаржымен қолдау тапқан. 19 жас мал шаруашылығы және жүк тасымалдау бағыты бойынша несие алып, өз кәсіптерінің жемісін көруде.
Ал 4 жас қысқа мерзімді курсқа, 60 жас «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілген. 405 адам мемлекеттік қолдау шараларынсыз тұрақты жұмысқа орналасып отыр. Демек, өңір экномикасында тұрақты өсім қалыптастыруды көздейтін салада серпін қалыптастыруға да жастар өз үлесін қосып жатыр деген сөз. Қазір өз кәсібін ашып, жұмыс істеп жатқан кәсіпкер жастар санында өсімнің қалыптасуы бұл сөзімізді қуаттайды. Мәселен, осыдан 2 жыл бұрын Жалағашта 2 398 кәсіпкер болса соның 412-сін жас кәсіпкерлер құрады.
Бұл көрсеткіште де жыл сайын өсім болып отыр. Биыл аудандағы 2514 кәсіпкердің 474-ін жас кәсіпкерлер құрады.Иә, бүгінгі шарада аудан әлеуетін көтеруде, тәуелсіздіктің баянды болуы жолында жастардың қолға алған ауқымды істері аға буынның ой-пікірне арқау болды. Демек, аудан жастары алдыңғы буынды өзіне бағдаршам деп тануының арқасында қолға алған жобаларының жемісін көріп жатыр. Қорытынды шарада Асылбек Өмірбекұлы әр салада табанды һәм жауапкершілікпен еңбек етіп жатқан бірқатар жастарға аудан әкімінің “Жалын” жастар сыйлығын табыс етті. Шара соңында аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап кешті қорытындылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!