Көне түркі көшпенділерінің ойыны саналған тоғызқұмалақ бүгінде біздің елде ұлттық ойын түрінде жақсы дамып келеді. Төрт мың тарихы бар ойынға оқушыларымыз үлкен қызығушылық танытып жүр. Шәкіртіміз Абылайхан Ермұрат – осындай жастардың бірі.

Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 7-сыныбында оқитын Абылайхан ұстаздарының үмітін арқалап, талай додаларда топ жарып жүр. Бүгінде оның тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер атағы бар. «Отыз оқушым – бір төбе, Абылайханым – бір төбе» деп, болашағынан зор үміт күтіп жүрміз. Кішкентайынан математикаға, есеп-қисапқа құштар болған Абылайханның айы оңынан туарына сенім мол. Болашақта Әлем, Азия чемпионаттарында биікті бағындырғысы келеді.

– Алдағы уауақытта ІТ маманы немесе спорт саласын жалғастырғым келеді. Қандай мамандық таңдасам да, ұлттық ойынымызды насихаттап, биік белестерді бағындыра бергім келеді, – дейді Абылайхан.

Талантты танып, қабілетін жанып жүрген тоғызқұмалақтағы ұстазы Бексұлтан Жамаладдинұлы шәкіртінің ұлттық ойынның ұлылығын ұғынып, терең бойлап жүргенін жеткізді.

– Абылайхан үйірмеге бастауыш сынып оқып жүргенде келді. Ойынды асықпай ойнайды. Өзіндік ерекшелігі бар. Жарыстарға барғанда да, дайындықтарда да Абылайханның ойлауы әріде екенін байқайтынмын. Өте намысшыл, алғыр. Ойын ойнағанда көзі жанып тұрады. Айта кететіні, тоғызқұмалақта уақытқа ерекше мән беру керек. Абылайхан уақытты алдын ала біліп, есептеп отырып, ұтымды пайдаланады. Тоғызқұмалақшыға керегі де осы қасиет. Бір чемпионатта қарсыласы 35 минут уақыт жұмсаса, ол 5 минут қана уақытын жұмсапты. Осыдан кейін көп ойыншылар, тіпті жаттықтырушылар да Абылайханды тани бастады. Оның ойымен санаса бастады. Топ баланың арасынан ерекше көзге түсті. Сол сәттерде мен тек баланы бұл ойынға әрі қарай баптай беру керегін түсіндім. Осылайша облыстық, республикалық турнирлерге шығып, жүлделі орындарды иеленіп жүрміз, – дейді Бексұлтан Жамаладдинұлы.

Ұстазы шәкіртінің жетістігін ауыз толтырып айтқанда, ұйып тыңдап отырдым. Сынып жетекшісі ретінде Абылайхан туралы әрбір ана баласының тілеуін тілейтіндей, мен де тумысынан ұшқыр ойлы, аса зор қабілетпен жаратылған оқушымды ерекше жақсы көретінімді айқын сезіндім.

Сандуғаш РАМБЕРДІ,

№ 264 мектеп-лицейінің мүғалімі,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!