Бұл – өткен аптада Қызылорда қаласындағы жас ақындар жырға қосқан тақырып. Оқушылар ақпарат саласының маңызды өз ойларын өлеңмен жеткізді.

Биыл – ел тарихының ғасырға жуық куәсі болған облыстық «Сыр бойы» газетіне 95 жыл болса, қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарық көріп келе жатқанына 30 жыл толып отыр.

Қос басылымның мерейтойына орай республикалық «Ақмешіт жастары» газеті мүшәйра өткізу туралы бастама көтеріп, жыр додасы «Сыр медиа» ЖШС-ның ұйымдастыруымен Студенттер сарайында өтті.

Бүгінде блогер мен журналисті ажырата алмайтындардың көп екені рас. Ақпараттың анық-қанығын біліп, саралап, зерттеп қана оқырманға ұсынатын тілшінің жөні бір бөлек, тексерілмеген «шала» ақпаратпен жұртты шулатып «блогер» болу тіпті басқа. Сондықтан жас ақындар журналистиканың маңызына тоқталып, ойы жүйрік, көзі қырағы, сын сағатта қауіп-қатер, күн мен түнге қарамай елмен бірге болатын тілшілердің еңбегін жырға қосты.

Жиынның ашылу салтанатында Қазақстан Журналистер одағының өңірдегі филиал төрағасы, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов басылымның тарихы туралы сөз қозғап, бұл байқау жас таланттардың көпке танылуына ықпал ететінін атап өтті.

Ал «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Ділдәбекова шығармашылық өкілдерін қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді. «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Әзиз Батырбеков қос басылымды мерейтойымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мүшәйраның іріктеу кезеңіне 20 ақын қатысып, оның 11-і екінші кезеңде бақ сынады. Жас ақындар «Журналистика – мәні терең мамандық» тақырыбы бойынша жазған өлеңдерімен қатар еркін тақырыптағы туындыларын да ортаға салды.

Поэзия әлеміне енді қадам басса да оқушылардың екпіні жоғары, талабы таудай. Ойлары еркін, соған сәйкес туындыларынан да ашықтық байқалады. Жыр бәйгесінде үйлесімді ұйқас қана емес, тапқыр ой мен ұтымды тіркес те көрерменді елең еткізді.

Айталық «Тілшіліктің бағындырып заңғарын, Тіршілікке тіл бітірген мамандар» деп толғаған Ұлықбек Бектайдың сөз саптауы бөлек, ойы жинақы екені әр шумағынан-ақ байқалып тұрд

– Апат келсе, далаң опат, жері – су,
Бірге жүріп көрсету мен көрісу,
Біреулердің қайғысына ортақ боп,
Біреулердің қуанышын бөлісу, – дейді ол.

Ал Данияр Құбанәлі «Әлемнің алтын маманы, жанашыры халықтың, Журналистерді қадірлеп, жыр арнағым келеді» деп бірқатар ақпарат өкілдеріне арнайы тоқталды.

Иә, жас ақындардың шығармашылығында журналистикада өзіндік орны бар, мәселені елге жеткізіп қана қоймай, шешілуі үшін барын салатын, болмысы бөлек Бейсен Құранбектің есімі бірнеше рет аталды. Бұл ақ пейілі, еселі еңбегімен халық жүрегінен жол тапқан тележурналиске деген бүгінгі буынның құрметі екенін байқадық.

Мереке Қуаныш «Қанықсың әркез сырына дархан даланың, Аралап шықтың шатқалын сай мен саланың» деп тілшілердің сапарда жиі жүретінін еске салса, Нұрайна Жүсіпбекова «Шаршамастан қызмет қылып халқына, Қаламымен із қалдырды артына» деп қаламгерлердің айбынын асыра түсті.

Жас таланттардың шығармашылығын «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Әлеуметтік және тәрбие жұмысы бөлімінің меңгерушісі Жанар Бимұратқызы, ақындар Ақжол Түменбай мен Аружан Оралбай бағалады.

Сайыстың нәтижесі бойынша бас жүлдені жас ақын Ұлықбек Бектай иеленді. Ал І орынды Мерей Қалабай, ІІ орынды Данияр Құрбанәлі мен Мереке Қуаныш, ІІІ орынды Расул Жеткерген, Нұрайна Жүсіпбекова, Талшын Оспан еншіледі. «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша Нұрбек Ақтай марапатталса, Азамат Қонысбек, Ботагөз Мұхамбетжанқызы мен Мерей Шәкратқа алғыс хат табысталды. Шара нәтижесінде барлық қатысушы арнайы сыйлықтарға ие болды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!