Бүгін Халықаралық музейлер күніне орай, Қызылорда қаласының тарихы мұражайында тағылымды шара ұйымдастырылды. Рухани кешке арнайы барған қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов музей қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, бірқатар сала үздіктеріне шаһар басшысы Асылбек Шаменовтың алғыс хатын табыс етті.»Бүгінгі мереке баршамызға ұрпақтар сабақтастығын нығайта отырып, ұлттың тарихи және мәдени мұрасына терең құрметпен қарауды ұғындырады. Себебі, мұнсыз кез-келген қоғамның табысты дамуы мүмкін емес. Дәл осы мерейлі сәтте руханият ордасы – музейдің заман ағымына сай ілгерілеуіне күш салып, қастерлі қызметті ғұмырымен байланыстырған мамандарға шынайы алғысымды білдіремін»-деді Жанмұрат Сейілов.Расында, мемлекеттің өткені мен бүгінгі тарихын жалғастыруда музей ісінің алатын орны ерекше. Бұл ретте, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи құндылықтарымызды, баға жетпес жәдігерлерімізді, мәдени ескерткіштерді көздің қарашығындай сақтап, асыл мұраларды ұрпаққа аманаттау жолында музей қызметкерлерінің ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне қосып жатқан үлестері өлшеусіз.Мерекеге арналған рухани кеште спорттық және интеллектуалдық ойындар ойнатылып, қала өнерпаздары әннен шашу шашты. Тағылымды шара соңында жиылған қауым «Музейге сый» акциясы аясында мұражай қорына тапсырылған жәдігерлерден дайындалған көрмені тамашалап, жақсы әсермен тарқасты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!