Фото: https://qazaly.kz/

Дәуір үні іспеттес әрі өнер саласында жүрекке жететін туындылардың дүниеге келуіне өлшеусіз үлес қосатын өнер майталмандарының бірі  композитор.  Музыкалық шығарма, әуен, ырғақ, дыбыс арқылы жан дүниеңді тербейтін Бетховен, Моцарт, Чайковский секілді композиторлар әлемдік музыка мәдениетін байытқанын білеміз.

Сыр елі – өнер мекені. Ақын да, жырау мен жыршы да, шешен мен ғалым да туған қасиетті өңірде Сыр даласын әсем әуенге бөлеген композитор да бар.

«Жасырмай айтар болсам жан сырымды,

Тағдырым қарауылға қанша ілінді.

Ерліктің қос қанаты деп білем мен,

Аяулы Әлия мен Мәншүгімді».

Қазақ қыздарына арналған гимндей болған бұл өлеңнің әнін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Рамазан Тайманов жазған.

Биыл сазгердің 70 жасқа толу мерейтойына орай бірқатар байқау мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде «Сырдың сыршыл сазгері» тақырыбында кездесу өтті. Жиынға ҚР еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, дирижер Мүсілім Әмзе, ҚР Мәдениет саласының үздіктері, композитор Сәбит Ұлықпанұлы мен Талғат Нағашыбаев, БАҚ өкілдері және архив қызметкерлері қатысты.

Тағылымды шара барысында Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Жанат Абзалиева алғы сөз сөйлеп, өнер иесін мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, қонақтар өнер жолындағы естеліктерімен бөлісті. Қатысушыларға арнайы бейнеролик көрсетіліп, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің білім алушылары сазгердің әндерін орындады.

Рамазан Тайманов 1954 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. 1989 жылы Алматыдағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищені, 2003 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін тәмамдаған. Өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан композитордың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты шығарған «Қазақ қызы» əні сұранысқа ие өлеңге айналды. 1996 жылы Эстонияда өткен дүниежүзілік балалар шығармашылығы фестивалінде «Қызылорда жастарының әні» атты туындысы таңдаулы деп бағаланып, «Алтын қор» қатарына қосылды. 1997 жылы «Айналайын» фестивалінің гимні ретінде Р.Таймановтың «Айналайын» әні таңдалған. «Жас қанат» байқауы мен «Азия даусы» фестивалінде «Қазағым-ай», «Қорқытқобыз» әндері жүлделі 1-орын иеленіп, ал өзі «Ең үздік композитор» атанды. «Қазақ қызы», «Қазағым-ай», «Боздақтар», «Сыңсу», «Махаббат мұңы», «Махаббат көктемі», «Сен мені іздеді деп кінәлама» әндері республика жұртшылығына кеңінен таныс.  

Жуырда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Бейбіткүл Кәрімова композитор Рамазан Таймановқа құрмет көрсетіп, «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» атағын табыстаған еді.

Баға жетпес туындыларымен қазақ музыкасының дамуына үлес қосқан Рамазан Сағындықұлының шығармашылығы болашақ ұрпақ үшін де мәңгілік мұра һәм өшпейтін із болары сөзсіз.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!