Абай облысында қазба жұмыстары кезінде қола дәуірінің дала пирамидасы табылды. ҚазАқпарат бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) археолог-ғалымдары Еуразия даласында кездеспейтін қола дәуірінің ірі көлемдегі дала пирамидасын тапты. Қазба жұмыстары Абай облысында жүргізілуде. 2014 жылдан бастап ЕҰУ тарих факультеті археология және этнология кафедрасының ғалымдары Абай облысы, Абай ауданы Тоқтамыс елді мекенінің жанындағы Қырықүңгір кешенді ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Оған университет студенттері мен магистранттары атсалысады. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Еуразия даласында кездеспейтін біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың басы, яғни осыдан төрт мың жыл бұрынғы қола дәуірінің ірі көлемдегі дала пирамидасы табылды

, – делінген министрлік ақпаратында.

Тарихшы ғалым, ЕҰУ археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиевтің айтуынша, табылған пирамиданың қабырғаларында жануарлар бейнеленген.

Дала пирамидасы өте дәлдікпен салынған, алты қырлы. Әрбір қырының арасы он үш метр және сегіз қатар таспен қаланған. Ортасында бірнеше шеңбері бар. Бұл – өте күрделі кешенді құрылыс. Сол кешендегі құрылыстың сыртындағы қабырғаларында әртүрлі жануарлардың, әсіресе жылқының суреттері басым бейнеленген. Сонымен бірге түйенің де бейнелері бар. Қазбадан табылған мәліметтер, қыш ыдыстар, әйел адамның алтын сырғасы және тағы басқа әшекей бұйымдар осы қола дәуірінің үлкен көне дәуірде мәдениеті, ошағы болғандығын көрсетеді. Бұл, яғни, сол кезеңнің өзінде жылқы культінің өте жоғары болғандығын сол тас құрылыстың айналасында жылқы сүйектерінің табылуы дәлелдеп отыр

, – дейді Ұлан Үмітқалиев.

Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта зерттеулер шетелдік ғалымдармен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!