Баланың шаттанғанынан, көзінің қуаныштан күлімдегенінен артық не бар?! Бүлдіршіндер пейілі таза, жаны тұнық. Олар шын қуанышын жасырып, томсырайып жүрмейді. «Алақайлап» қос қолын көтергенінің өзінен аңғалдығы мен аппақ көңілі менмұндалап тұрады. Ендеше, кішкентай көрермендерін ертегі әлеміне жетелейтін, көз алдына сиқыр-сыйын әкелетін сахна иелерінің еңбегі ерен. Өнер ордасы саналатын театрдың балаларға тартуы да аз емес. Осы ретте, өз миссиясын мінсіз орындап жүрген театр-студияның жұмысы жөнінде облыстық филармония басшысының орынбасары Азиза Іздіқұловамен сұхбаттасқан едік.

-Өңірімізде қуыршақ театрының ашылғанына қанша уақыт болды?

-Қызылорда облыстық филармониясының «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясы 2016 жылдың наурыз айында ашылды. Мақсаты – облыстық филармонияның көрермендер контингентін кеңейту. Яғни кішкентай балаларға арналған шараларды ұйымдастыру. Біздегі билет құны да қалтаға қонымды. Балалардың көңілі көтеріліп, театрға жиі келуі үшін көптеген мүмкіндіктер қарастырып келеміз. Театр-студия ретінде ашуымыздың себебі филармония болғаннан кейін шығармашылығымыз музыкамен байланысты болу керек. Сондықтан қойылымның бәрі дерлік міндетті түрде кішігірім мюзиклдің форматында қойылып, құрамында ән, би, ойын да болады.

-Осы  кезге дейін қанша қойылым көрермен назарына ұсынылды?

-Алғаш қуыршақ театрының шымылдығы Григорий Остердің «Мазасыз тиін» атты қойылымымен ашылды. Режиссері – Ерғазы Әбжалиев болды. Одан кейін Н.Гернеттің «Балапан қаз» қойылымы, Нұрлыбек Жұбатқанның «Тапқыр тышқан» ертегісі сахналанды. Оны автордың өзі көріп, риясыз ризашылығын білдірді. Тағы бір жетістігіміз 2018 жылы облыстық жобалық кеңсе аясында  «Таусылмасын ертегім» деген мюзикл қойдық. Бұл жайында идеяны өзім ұсынып, сценарийін өлеңге айналдырып Тілеген Бекарыстановқа жаздырдым. Қойылымға көрермен қошеметі көп болды. Тіпті бірнеше рет сахна төрінде қойылып, ақылы, тіпті тегін өткізілді. Балаларға тартуымыздың ұнағаны – еңбегіміздің ақталғаны деп білемін.

Театр студиясы аясында балаларға арналған түрлі тәжірибелер жүргізудеміз. Тек қойылыммен ғана шектелмей, әр мереке қарсаңында шаралар, ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырамыз. Мысалы наурыз мерекесінде қазақ ертегісінің кейіпкерлерін алға тартып, ұлттық нақышқа басымдық береміз. Сосын қаладағы барлық балабақшаны аралап, жұмысты жандандыра түсеміз. Арнайы залдың сыйымдылығы 60 адам. Сол себепті, балабақшадағы балаларды жас ерекшелігіне қарай 3 пен 4 жас, 4 пен 6 жас аралығындағы балаларды бөлек кіргіземіз. Бұл балалардың өз қатарластарымен емін-еркін араласуына ықпал етеді. Бүгінде театр-студиямыз зор сұранысқа ие.

-Негізгі көрермен – балалар екені белгілі. Осы ретте қойылымға келген бала саны көңіл көншіте ме? Қазіргі таңда баланың театрға қызығушылығы жайында не айтасыз?

-Алғашында театрға балаларды тарту қиындау болды. Өйткені жан-жақтан түрлі цирк, шоу секілді көрсетілімдер көп болды. Сол кезде олармен бақталасуға мүмкіндігіміз бола бермеді. Бірақ, кейін көрерменімізді өзімізге үйреттік. Яғни өзге шоудағыдай ойын-күлкімен емес, құндылыққа бай, жұмыр ойы, мәні мен мазмұны бар ертегі көруге бейімдедік. Сол арқылы балалар да театр мәдениетін түсініп, табалдырықтан аттай бере жинақы болып, өз орындарына у-шусыз жайғасуды әдетке айналдырды. Яғни балаларды жақсыға баулып, мәдениетті болуа тәрбиелейміз.

-«Тәрбие құралы – театр» дейміз ғой. Сахналанатын койылымдар аудармалар ма? Әлде сценарийін өздеріңіз дайындайсыздар ма?

-Иә, сөзіңізбен келісемін. Жас өренді жақсылыққа жетелеп, санасында ізгілік қалыптастыру театрымыздың ұстанымы. Қойылымның қорытындысында да үленге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды өнеге мен қауіпсіздік ережеге дейін айтылады. Негізі қойылымды екі тілде де қоямыз. Бірақ міндетті түрде қазақ тіліне басымдық береміз. Тек орыс балабақшалары ұсыныс бергенде ғана орыс тіліне аударып, қойып береміз. 2016 жылдан бері көрсетілген қойылымның бәрі ұлттық құндылығымыз ұмытпай, ұлттық нақышымызды ұлықтауға үндейді. Бала бойына құндылықты сіңіру негізгі мақсатымыз. Мысалы «Айбардың хикаялары» атты цикл жазып бердім. Оның бірінші бөлімі «Айбар мен бауырсақ» сахналанды. Мазмұнында жеті күлшенің маңызы түсіндіріледі. Бұл хикаяның екінші шығарылымы да дайын тұр. Алдағы уақытта жалғасын әлі де жазамыз. Нурбадредин Бегімбеттің «Киіктің лағы – Таңшолпан» қойылымын қуыршақпен жасадық. Жалпы театр ашылғаннан бері сахналаған шығарылымның саны 500-ге жуық. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін пандемия жылдарын есептемегенде 8 премьера жасағанбыз. Репертуарымызда 30 қойылым бар.  Негізінен сценарийді өзіміз жазамыз. Кейде таңдаулы туындыларды аударамыз.

-Түрлі қойылымда түрлі кейіпкер болады. Демек олардың киімі де соған сай өзгеруі тиіс. Театрда арнайы тігінші бар ма? әлде сырттан сатып алына ма?

-Театр әртістеріне, яғни, кейіпкерлер киімін филармонияның тапқан табысынан тігіп береміз. Суретшінің жасап берген эскизі бойынша режиссермен келісіп отырып, тіктіреміз. Арнайы цехымыз бар, киімнің бәрі сонда дайындалады. Егер киім үлгісі тым күрделеніп жатса, қаладағы басқа цехтармен байланысамыз.

-Бала жаны тазалықтан, періште көңілден тұрады десек, қойылымның шынайы болғаны, әртістің сендіре алғаны маңызды. Осы тұста, қойылымнан соң бала пікірін біліп, ата-анамен байланыс орнатып көрдіңіздер ме?

-Балалармен байланысты үзген емеспіз. Көбіне балалар бізге ата-анамен емес, балабақша жетекшісімен келеді. Егер қойылым бала көңілінен шықпаса мұғалім оны екінші рет алып келмейді. Қойылымнан соң жетекшілер хабарласып, алғысын айтады. Мектептегі бастауыш сынып мұғалімдері де байланысқа шығып, қойылым мазмұнын сұрап, оқушыларды әкелуге ниет білдіреді. Сонымен қатар менеджерлер балалардан пікір алып, оны әлеуметтік парақшамызға жариялап отырамыз. Әр көрерменнің алғысы мен сенімі еңбегіміздің жемісі екені анық.

Жақында демеушілердің көмегімен Жалағаш, Қармақшы аудандарына барып, қойылым қойып, балалар тақырыбында концерт бердік. Балалар қуанышқа кенеліп, жүзіне күлкі ұялап, мәре-сәре болып қалды. Алдағы уақытта да ауыл, ауданды аралау жоспарда бар.

Сұхбаттасқан

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!