Шаһардың түгелдей арамшөп басып, қу мекенге айналған солтүстік жағында былтыр әйгілі құрылыс компаниясы жұмыс бастап, айналасы жарты жылда еңселі-еңселі тұрғын үйлерді самсатып салып тастаған. Тырбанып жүріп сол үйлердің бірінен пәтер де алғанбыз. Мейлі, жалақының тең жартысы несиеге кетсе де өз үйіміз ғой деп апыл-ғұпыл көшіп келген бетіміз. Мейлі, жетер жолы ойдым-ойдым, омыртқа мен белдің соры ғой десек те көнгенбіз.

Маған, әсіресе, кеш батысымен қыз-қыз қайнап жататын тұрғын үй кешеніндегі қарбалас өмір қызық-ақ. Айналамызда үлкенді-кішілі кафе, бар, асхана, сырахана, тіпті шағындау келген түнгі клубқа дейін бар.
Бүгін жұмыстан ерте қайтқанымды кәдеге жаратайын деп мұқият тамақтандым да, кештете сыртқа шығып кеттім. Маңдайшасында «Ас болсын» деген жазуы бар кафеге кіргенімді анық білемін. Өзім сияқты таңдайы қақсығандар да табыла кетті. Өзін Жорабек деп таныстырған, менімен түйдей құрдас болса да шашы ағарып, көз алды күлтілдеген жігіт ағасы да бүгін көшіп келіпті. Екеуміз ақша деген қу пәленің айналдыра қашып ұстатпай жүргенін, дүние деген жарықтықтың қанша қусақ та жеткізбей кеткенін жарыса айтып, бір емес-ау бірнеше бокал сыраға тапсырыс бергеніміз санамда сайрап тұр. Одан әрі қарай көз алдым дереу көмескі тартқан. Ішімдікті мұңға батырып отырып ұрттасаң тез масайтпаушы ма еді?! Тек түсініксіз елестер ғана бірер секундқа қана санамда аялдайды да, еш із қалдырмастан жалт бере түседі.
Қанша ішсем де жылдам ес жиыппын. Дабырлай сөйлеп, мұңымды бөлісіп отырған Жорабек көрінбейді. Өзімнің де, оның да аямай сімірген еңбегін өтеуге мәжбүр болдым. Ашаң жүзді, серейген даяшы жігітке ақшаны ұстаттым да аяңдай басып үйге келгем. Есікті кішкентайым Инабат ашыпты. «Анам ұйықтап қалды» деді тақылдап. «Тіпті жақсы болды» деймін. Беті-қолымды шайған соң одан әрі сауығып алдым. Қызым екеумізден басқасының бәрі тегіс ұйқыға бас қойған. Ол түсте ұйқысын қандырып алған ба менімен ойнағысы келеді. Мен де сергіп қалғандаймын. Қалауын орындап, еркелетемін. Ән айтып берші дейді Инабат еркелеп. Саған айтпаған да кімге айтамын деймін мен де еліре түсіп. Барқырап бар даусыммен «Балқадишаны» шырқаймын келіп.
– Қойыңызшы, – дейді ол қабағын кіржитіп, аузын бұртитып, – «Бол жанымда» ма, әлде «Оригинал» ма, соларды тыңдағым келеді. Қызымның айтып тұрғандарын бір-екі рет естігенім бар-тын. Енді әр жерінен үзіп-жұлып соларды айтқыштаймын.
– Ал сен оригиналсың,
Таза, табиғи нәрсің…
– Сіз қатты айғайлап жатырсыз, – деген дауыстан селк етіп оянып кеттім. Алақтап айналамнан Инабатты іздеймін. Жаңа ғана тіземе шығып секіріп отырған сары қызым ізім-ғайым жоқ. Қос қолын артына қусырған, жүзіне мейірім тұнған даяшы әлгі сұрағын тағы қайталады.
– Мен үйде емеспін бе? – дедім қарсы сұрақ қойып. Ол басын шайқады. Айтуынша, тұп-тура төрт сағаттан бері осы жерде екенмін. Екі сағат бас алмай ішсем, екі сағат тоқтамай ән айтыппын. Ұят-ай дедім ішімнен өртеніп. Ұялып отырып тағы бес-алты бокалды тоқтаусыз сілтесем керек. Тағы да көзім ілініп кетеді. Үйге қайтқан боламын. Бұл жолы әйелім ояу екен. Шаң-шұң етіп құлақ етімді жеп жатыр. Осылайша, бір емес бірнеше рет ұйықтап кетіп, бірнеше рет үйіме барып келдім. Құдды шынымен үйге барып, қайта кеп жүргендей ентігіп, шаршап қалыппын.
Буын-буынымнан әл кетіп, әбден қалжырағам. Даяшының қос қолтығымнан демей ұстап үйіме жеткізіп салғанын еміс-еміс білемін. «Сендер мастың бәрін осылай үйлеріне тасып жүресіңдер ме, немене» деймін оған қылилана қарап.
Таңертең шағын қалашығымыздағы бүкіл тұрғын, ұсақ-түйек қызметкерлер менімен қуана амандасып, күліп сөйлеседі. “Кешегідей халықпен етене болсаңыз жүдә жақсы ғой” дейді бірі. “Сіз де адамсыз ғой, ішесіз, көңіл көтересіз, онда тұрған не бар екен” дейді екіншісі. Сыраға сылқия тойғаным үшін осыншама қолдау көремін деп кім ойлаған.
Подъездің табалдырығынан аттамай жатып осыншама мақтау естіген басым, далаға шығысымен қошеметтің астында қалдым.
– Сіз осында тұратын ба едіңіз, – деді жаныма жүгіріп келген бет-аузы меңге толған арық келіншек.
– Бір-екі күн болды… – деймін абдырап.
– Апырай, сізді қалай байқамағанмын, – дейді бетін шымшып. Содан бері менімен алғаш кезігіп тұрғанына кәдімгідей өкінетін секілді.
– Бұл өз үйіңіз бе, сонда? – деді қаумалаған топты киіп-жара қарсы алдыма келген егделеу әйел.
– Өз үйім… ипотекаға алғам…
– Әні, – деп егде әйел жанындағыларға сұқ саусағын шошаңдатты.
Жаппай бәріне не болған деп аңырып мен тұрмын. Әлдебір дүрбелең басыма түскелі жатыр ма деп көңіл алаңдап, жүрек әдеттегі соғысын жиілетейін деді.
– Осындай адам болса да, қарапайымдылығын жоғалтпаған. Әйтпесе, әкім ипотекаға үй алыпты дегенді кім естіген!
Сонда ғана өзімнің әкім екенімді түсіндім. Ендігісі – қай жаққа, қашан әкім боп тағайындалғанымды анықтау ғана еді. Бірақ ол әзірге мүмкін емес сияқты…
Өзгелердің даудыраған дауыстарынан құлағым шыңылдап, кімнің не деп жатқанын айыра алмай кеттім. Сұқ саусағын безеген егде әйел, сірә, маған қатысты тағы бірдеңелерді айғайлап айтып жатыр. Өзгелерді өз сөзіне барынша сендіргісі, иландырғысы келгендей ышқына түседі.
– Сізбен суретке түсейікші, – деп тағы бір топ әйел жабыса кетті. Өздері би, өздері қожа. Әрі де, бері де сүйрелеп, қалағандарынша селфилетіп жатыр.
Адамға бақ қонайын десе әй-шәйға қаратпайды екен ау…
Бұл уақытта айналама біраз жұрт жиналып, басқалардың да назарын бұра бастаған. Мен мына қаумалаған біртүрлі адамдардан қалай айнала қашып шығарымды білмей, тығырыққа тірелгем де қалғам.
Айналамдағы көпқабатты үйлердің балкондарының да есігі ашылып-жабылып, төбемнен төнген адам саны да арта түскен.
– Қарашы өзін, жаяу жүреді екен, ә, – деді төрт-бес адым жерде таяғына сүйеніп маған күлімсірей қарап тұрған қысық көз сары шал қасындағы замандасына.
– Беті жылтыраған пәле ғой. Түк те шешпейді, – деді қасындағы тапал бойлы, қайыстай қара шал жақтырмай қарап. Өзі шатақтау ма деймін.
– Кешіріңіздер, – дедім тамағымды кенеп, мейлінше саңқылдап сөйлеуге тырысып. Бірақ менің дауысым құмығып қалған ба, әлде айналамдағы адамдардың уілі басып кетті ме, мұнымды ешкім де естімеді.
– Тоқтаңдар! – дедім бар даусыммен ышқына айғайлап, – Сіздер мені біреумен шатастырып тұрсыздар!
– Ойпырма-а-ай, мынаны қара, – деп мырс етті әлдебіреу топ ішінен, – көпе-көрнеу қашып кетпекші ғой. Халықтың қаржысын сықай тиеп, ертең ақ бұл да тайып тұрар Швейцарияға!
– Соны айтам, – деп екіншісі қосыла кетті, – КСК жұмыс істемей тұр, балалар алаңқайы жоқ, көліктер қалай болса солай қойылған, бюджеттің ақшасы жайлы біреу бізге ләм деп айтпайды. Осыған дейін алданғанымыз жетер, – деп арындап барып бір-ақ тоқтады.
– Иә, сізді күнде кезіктіре бермейміз, – деп орта жастағы белсенді жігіт өңмеңдей алдыма келді. Өзі ашулы. Жағамнан ұстап, лақтырып жіберетін сияқты түрі неткен сұсты еді.
– Кабинетіңізге кіре алмаймыз. Одан да қазір айтыңыз. Мынау ен даладағы үйімізге жету нағыз азап. Жол мәселесін шешпей болмайды. Биылдан қалдырмаңыз. Әйтпесе, пикетке шығамыз! – деді өткір көздері өңменімді тесіп жіберердей болып. Осылай ашулана сөйлегенде аузымен жел бүркіп, бойымды суық ауа қарып өткендей болды. Пәлі, халықтың қаһары осындай болар ма деймін асып-сасып. Ақыры мұншама қалың адамға бір жауап беруге тура келді. Амал қайсы, галстугымды тартқылап, костюмімнің ілгегін бір түйіп, бір ағытып сөйлеуге бекіндім.
– Азаматтар, жауап бергенде былай ғой, біріншіден мен… – дей беріп ем, алысырақ тұрған орыстың кемпірлері шәңкілдей сөйлеп жауабымды үзіп жіберді.
– Бұлар қашан тура жауып беріп еді? Үнемі созбақтап, тақырыптан ауытқып, түкке қажеті жоқ сөздерді айтып тұрып алады.
– Бұларды тыңдап уақыт құртудың өзі бекер, – деп тағы бір топ қайырылып тайып тұрды.
– Жіберіңіздер, мен жұмысқа барайын, – дедім қалғандарына жәутеңдей қарап.
– Әкім мырза, міне қазанның ортан беліне жеттік, ал жылу әлі жоқ. Бәрінен бұрын құндақтаулы сәбилерімізге обал. Осыны шешпесеңіз – онда қызметтен өз еркіңізбен кете салыңыз, – деп зіркілдеді бір топ бесік арба тербеткен жас әйел.
– Әйтпесе, аттан салып алаңға барамыз. Одан басқа да қаншама проблеманы шешпей жүрсіздер, – деп қосылды тағы біразы. «Азаматтар, мен сіздер айтқан шаруаға жауапты емеспін. Мен де сіздер сияқты…» дей бергенде бағанағы шатақ шал «айына пәленбай миллион жалақы аласың да, жауапты емеспін деп кекірейесің, а» деп кейіп кетті.
Сағатыма қарасам, жұмысқа тұп-тура бір сағат кешігіппін. Мына сортаңданған ойқы-шойқы жолмен аялдамаға дейін жетіп, әрі қарай автобуспен итіңдеп жұмысыма барғанша тағы бір сағат сарп етемін. «Өз еркіммен жұмыстан кетудің» көкесі сонда болатын сияқты.
Тығырықтан қалай шығамын деп бас қатып тұрғанда, емпеңдей жүгіріп бір әйел жетіп келді. Оған да үркіп қарағанмын. Бірақ мыналардай емес, түсі жылы сияқты.
– Сізді арнайы барып шақырамын деп жүр едім. Өзіңіз келіпсіз ғой, – дейді омырауы өзінен қос қарыс алда жүретін былқыл­даған толық қатын ентігін баса алмай. – Бүгін немерем жасқа толып жатыр. Өзіңіз тұсауын кесіп беріңіз!
Былқылдаған толық қатын осылай деді де, артына бұрылып «Әй, Сәлимә! Сәлимә дейм!» деп айғайға басты. Сірә, келіні ау деймін. Өзінің дауысы зор екен: «Дастарханыңды дайында жылдам! Әкімді ап бара жатырмын!».
Өзімнің кім екенімді айтып түсіндірейін дегенше болған жоқ, былқылдаған толық қатын мені қолтықтаған қалпы дедектете ертіп әкетті. Қарсыласқым келгенмен, әлгі арызқой топтан құтылып шыққаныма қуанатын сияқтымын. Үш бөлмелі үйдің іші жып-жылы, жап-жарық екен. Бір жасқа толған құлыншақ томпаңдай басып, алдымнан шықты. Отағасы да ақжарқын, кең пейіл жан көрінеді. Артық-ауыс әңгімесі жоқ, қалбалақтаған кісі.
– Сізді көргеніме сондай қуаныштымын! – деді қос қолдай қысып, – Немереме сіздің жолыңызды бергей! Өзіңіз кесіңіз!
Үй іші әп-сәтте бар керек-жарақты даярлап тастапты. Қолыма пышақты да ұстата қойды. Әрі қарай түк қиындығы жоқ шаруа ғой, балапанның аяғына байланған жіпті бырт еткізіп қиып жібердім. Асығыс екенімді айтып, шәйға қарамастан зыта жөнелгім кеп тұр. Қалбалақтаған отағасы жайылған дастарханды меңзеп, қонақ болыңыз дейді екі көзі күлімдеп. Амал жоқ, әкімдерше сөйлеуге тура келді:
– Айып етпеңіздер, – дедім кенет өзімді шенеуніктерше ұстап, – жұмыс көп, қазір 11-де аппарат жиналысы күтіп тұр. Әлі талай келемін ғой.
– Ә-ә сіздер қызметтесіздер ғой, – деп былқылдаған толық қатын елпілдеп алды-артыма шығып, сырт киімімді дайындап, бәйек болды да қалды.
– Біздің үйге кіріп-шыққаныңыздың өзі зор құрмет, – деп қалбалақтаған отағасы туфлиімді жұмсақ қара губкамен ысқылай бастады.
Шығып бара жатқанымда тағы да жанасалай келіп, өзі сияқты том-томпақ конвертті төс қалтама сүңгітіп жіберді. Әуелі жүрек тұсым жылып кетті де, артынша әлгі ыстық ағыс басыма дейін жайыла жөнелді. Қалбалақтаған отағасы мен былқылдаған толық қатын «алмаймын» деп қарсыласуға да келтірген жоқ, сылап-сипап шығарып салды.
Адамға бақ қонайын десе әй-шәйға қаратпайды екен ау…

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Басы. Жалғасы келесі санда

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!