Әуезді әуен құлақтан кіріп, бойды алғанда көңіл құсы құйқылжып, жүрек шымырлап кететіні көпке аян. Өйткені есті әннің ырғағы елітіп әкетіп, жан дертін дөп басып, қуаныш күйін бек топшылайды. Бәлкім тіл жеткізбесті ән жеткізеді деп асқан баға беретініміз содан.
Жеті нотаның күшімен жеті қат аспанды да әнмен әлдилеуге болады. Әнге шексіз сүйіспеншілікпен қарайтын, жүгін жүрегімен көтеріп, сазын санада салмақтайтын сазгер ғана өлмес туынды жасайды. Осы орайда, бекзат өнердің болмысын былғамай, ән тазалығына тат түсірмей, музыка мәдениетін көтеруге күш жұмсаған Кеңес Дүйсекеевтің еңбегі өлшеусіз. Қазақ сахнасын тың туындылармен толықтырған өнер адамының есімі ұлықталмаса ұмытылмақ емес. Себебі Қызылордада басталған композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» республикалық ән байқауы халықаралық сипат алып, өңірімізде өткізілді.
Бақ пен баптың бәсеке байқауында Қазақстанның барлық өңірінен және 7 мемлекеттен үміткерлер қатысып, сынға түсті. Талантты танып, дарынды дәл анықтауда композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Рамазан Тайманов, Қазақстан халық әртісі, профессор Нағима Есқалиева, композитор, “Құрмет” орденінің иегері, халықаралық конкурстың лауреаты Бейбіт Оралұлы, продюсер, “Pro augenda concordia” халықаралық келісім орденінің иегері Бируте Петриките, “Спектор” қоғамдық қорының төрағасы, Болгариядағы шығармашылық жобалардың продюсері, эстетика докторы Николай Текелиев, “Ерен еңбегі үшін”, халықаралық “Бейбітшілік және келісім” медалінің, “Құрмет” орденінің иегері Қарлығаш Әбдікәрімова және музыкант, хор дирижері, К.Дүйсекеев атындағы “Туған жер” қорының негізін қалаушы Нұркен Дүйсекеев қазылық етті.
Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Өнерге құрмет мәңгі болуы тиіс! Кеңес ағаны халық есінде мәңгі қалдыру үшін есімі Қызылорда облыстық филармониясына берілетін болады. Бұл – барша жерлестеріміздің құрметі мен сыйы!
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, халықтың рухани келбеті. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мәдениетті дамыту үшін елімізде креативті индустриялар базасын қалыптастырудың маңызына баса назар аударып келеді. Мұны жан-дүниесімен сезінетін жанашыр жерлестеріміздің қолдауымен бірқатар мәдениет нысанының құрылысын бастауға мүмкіндік алдық. Өткен жылы ел ағаларымен бірге іргетасын қалаған көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығын» жыл соңына дейін пайдалануға береміз. Өнер орталығында өтетін концерттердің кәсіби әрі жанды дауыста көрерменге жол тартуына септігін тигізетін симфониялық оркестрдің де тұсауын жаңа ғимаратта кесетін боламыз, – деді аймақ басшысы.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятады десек, тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, әр нотадағы сезімді сілкіленбей үйлесімді үнмен жеткізе білу – әншінің қабілеті. Киелі сахнада ән шырқаған әншілер дауысымен, орындауымен бір-бірінен ерекшеленіп, талантын көрсетуге талпынды. Бастысы жиналған қауымның көңіл пернесін қозғап, байқау әсерлі өтті. Осылайша екі кезеңде өткен конкурстың қорытындысы бойынша «Үміт» номинациясын Кенже Майлыбай (Қызылорда), «Көрермен көзайымы» Мұса Молдабаев (Өзбекстан), «Туған жер» номинациясымен Ақылбек Табынбаев (Қызылорда) марапатталды.
Конкурстың жүлделі ІІІ орнын Алмагүл Батталиева (Алматы), Камила Талғатова (ШҚО), Славея Иванова (Болгария), ІІ орынды Айдын Жұмабаеа (Астана), Азамат Бекбергенов (Ақтөбе), Абай Серіков (Қырғызстан) иеленсе, І орынмен “Тамсан” триосы (Ақтөбе), Михал Качмарек (Польша) марапатталды. Сыр елінде тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған конкурстың бас жүлдесі Дана Мажитоваға (Атырау) бұйырды.
Өмірін өнерге арнап, ән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған композитордың туындыларына халық қанық. Ендеше сазды әуенінде шабыт пен шуақ басым болған Кеңес Дүйсекеевтің кемеңгер келбеті халық жадынан өшпейтіні хақ.
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!