Музыка – адамзаттың әмбебап тілі. Элтон Джонның «Әннің адамды емдейтін қасиеті бар: ол бірнеше сағат өз денеңнен шығып, өміріңе сырттай қарауға мүмкіндік береді» деген сөзіне келіспеске болмайды. Бір ғана туынды көңілдің кірін кетіріп, бастан кешкен ерекше сәттерді қайта сезіндіре алуы мүмкін. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырын әуелеген әнге айналдырған қазақ үшін бұл өнердің қай бағыты да құнды.

Соның ішінде классикалық бағыттағы музыкалық шығармалардың орны бөлек. Осындай ерекше бағытты ұстанып, ішекті аспаптардың ішінде виолончельді таңдау арқылы талай жүректі тебірентіп жүрген жас музыкант, сазгер – Нұркен Ақбергенов.

– Алғаш рет 6 жасымда туған әпкемнің бағыттауымен музыкалық мектепке, соның ішінде виолончель аспабын үйрететін сыныпқа бардым. Ал әпкем скрипкада ойнайды, яғни алғашқы музыкалық білімімді арнаулы мектепте жетілдіріп, 9 сыныпты бітірген соң Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түстім. Қазіргі таңда аталған оқу орнынан виолончелист мамандығын аяқтап, Алматыға оқуға тапсырдым.

Өнерге, соның ішінде классикалық бағытқа қадам басқан адам оқу орнын емес, ұстазды таңдау керек. Мен де қазір кәсіби білім беріп жүрген ұстазым, виолончелист, дирижер Кеулімжай Ботабаевты таңдап, осы оқу орнына тапсырдым. Киелі өнердің қатпарларын көрсетіп, кәсіби сауаттылық пен адами тәрбиені қатар үйретіп жүрген ұстазыма айтар алғысым шексіз, – дейді Нұркен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!