Маған ерекше балалық шақ сыйлап, жылу берген, жүректен орын алар сөз айтып өсірген, ақылымен бөліскен асыл әжем – Күлтәй. Өзі бір үйдің ерке қызы болып өсіп, қазір бір әулеттің ұйытқысы болып отырған батыр ана. Таршылықты, қиыншылықты көп көріп өссе де, жүзі әлі де нұрлы қалпымен шуақ шашады.
Шаңырақ астында қонақсыз, кісісіз отыра алмайтынын айтпасқа болмас. Шөлдемесе де әңгіме үшін шайдан жайлап алып отырады. Әжем – Социалистік Еңбек Ері Қасым Бөдеевтің қызы. Батыр­дың жалғыз қызы­мын деп мақта­нышпен айтып оты­рады. Әрине, мақтануға тұрарлық жағдай.
Тұрмыстағы тағдыры үлкен бір көркемфильмнің оқиғасы болар еді. Менің атаммен отасып төрт перзентті болған бақытты кезеңі тез аяқталды. Кенеттен келген ажал атамды мәңгілікке алып кетті. Ауыр күндер басынан өтті. Осы кезеңде туған абысыны қайтыс болып, оның үш баласы анасыз қалады. Ағайындар жиналып қазақтың әмеңгерлік салтымен қайынағасы мен келінін қосады. Ондағы мақсат жеті жетім жан-жаққа шашырап кетпеуі еді. Екі үйдің балаларын бір шаңырақтың астына біріктіру оңай емес. Бірақ әжем өте мейірімді жан еді. Бар баланы бірдей ұстады. Мынау өзімдікі деп бөліп жарып қараған жоқ. Дүниеге ортақ бес бала келді. Он екі бала бір шаңырақтың астында тату-тәтті өсті. Барлығы да жоғары оқу орнын бітірді. Әжем ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бақытты әже атанды.
Бүгінде қозғалыстың адамы. Жасы сексеннің төртеуінен асса да бақша егіп, күтіп, баптайды. Оның қатпар-қатпар әжім толы жүзінен бір көрген адам мұң байқар. Ал, оның мұң екенін бетін ашып, тіс жарып айтқан емес.
Әжем мен үшін биік шың сияқты. Қанатынан шыққан қос перзенті есейген, азамат болған шағында бірінен соң бірі араға қырық күн салып бақилық болғанда да қара нардай қайыспай көтере білді. Қазір екі перзентінен қалған немерелеріне ұзақ ғұмыр тілейді. Қиындық келсе мойымайтын, қайғы келсе жеңілмейтін ер мінезді қайран қазақтың аналары-ай! Мен соны мақтан етемін. Өйткені әжем бір адамға қатты дауыс көтермеген, аналық мейірім-шуағын төккен, тек адал еңбекпен өмір сүрген ардақты адам.

Жамила Әбсаттарқызы,
№137 орта мектептің 11 сынып оқушысы,
Сырдария ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!