Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

KAZINFORM – «Айқай» Испаниядағы ImagineIndia International Film Festival кинофестивалінде топ жарды. Фильм 70-ке жуық туындының ішінен таңдалып, «Үздік сценарий» аталымына қол жеткізді.

Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген. Туындыда ядролық жарылыстан зардап шеккен Семей полигоны құрбандарының тағдыры баяндалады. Маңызды мәселені қаузаған фильмнің 23-ші рет өткізіліп отырған фестивальде топ жаруы бекер емес.

Фильмнің режиссері – Кенжебек Шайқақов. «Айқай» – режиссердің екінші толықметражды жұмысы. Көркем фильмнің түсірілімі Абай облысы Аягөз ауданы Шыңғожа ауылында өтті. Басты рөлдердерде Орынбек Шаймағанбетов, Арнұр Акрам, Ерболат Әлқожа, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов және Айғаным Нұрсұлтан ойнайды.

ImagineIndia фестивалі – Үнді субконтиненті, Азия елдері, Испания және онымен бірге Еуропалық Одақ арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға арналған ауқымды жоба. «Айқай» фильмінің жетістігі мәдени ынтымақтастықтың, әлеуметтік және экологиялық мәселелерге қатысты оқиғаларды насихаттаудың маңыздылығын көрсетеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!