Фото: Фейсбуктегі парақшасынан

KAZINFORM — Белгілі ақын Бауыржан Халиолла «Атамекен» өнер ордасына көшкен Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры болып тағайындалды.

Орал қаласындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен «Атамекен» өнер ордасы оңтайландыру әдісі бойынша ресми түрде қосылды. Бұдан былай «Атамекен» өнер ордасының ғимаратына облыстық филармония иелік етеді. Бас ғимаратқа әкімшілік және шығармашылық топ орналасты.

Бауыржан Ергенұлы 1979 жылы 24 қарашада Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Қособа ауылында дүниеге келген.

2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2001 жылы облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі қызметінен бастаған.

2003-2004 жылдары Сырым аудандық «Қайнар» газетінің бас редакторы, 2010-2012 жылдары республикалық тәуелсіз «Айна» газетінің бас редакторы, 2012-2015 жылдары республикалық «Жайық жұлдызы» журналының бас редакторы болды.

Мәдениет саласында 2015-2016 жылдары Жастар шығармашылығы орталығы директорының жалпы мәселелер бойынша орынбасары, директоры, 2016-2023 жылдары Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығыныңдиректоры, 2023-2024 жылдары «Атамекен» өнер ордасының директоры лауазымын атқарып келді.

Б.Халиолла Фейсбуктегі парақшасында екі мекеме қосылғанымен, ұзын саны үш жүзге жуық қызметкердің өз жұмысын сақтап қалғанын жеткізді.

«Ешкім себепсіз және көлденең қысқартуға ұшыраған жоқ. Ресми мекеме болмай тұрған кезде біраз жобаларды қолға алып, айналдырған бір айдың өзінде дәстүрлі әншілермен және ансамбльмен 45-ке жуық адаммен барлық 12 ауданды, оркестрмен 75-ке жуық адаммен бес ауданды аралап шықтық. Бұл сапар мақсаты ақиық әнші, филармония есімін еншілеген Ғ.Құрманғалиевтің 115 жылдығын кешенді түрде атап өту болатын. Аталмыш шаралар алдағы күнде де жалғасын таппақ», деп жазды Бауыржан Халиолла.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!