Балығы тулап, шағаласы шулап жататын айдынды Арал өңірі – көптеген таланттың дүниеге келген қасиетті, қадірлі мекені. Сол біртуар тұлғалардың бірі де бірегейі, тағдыры теңізбен біте қайнасқан айдынды Арал өлкесінің тумасы, күйші-композитор, ақын-жырау, өн бойына бар өнердің бәрін сіңірген Сыр сүлейлерінің сарқыты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы, күй мен жыр өнерінде өзіндік ерекше қолтаңбасын қалдырумен қатар, өшпес мұраларын ұрпаққа тарту етуден жалықпай келе жатқан – Мұрат Сыдықов ағамыз бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты.
Сыр сүлейлерінің мол мұрасынан сусындап өскен аға дауылпаз ақын Сейдолла, сөз зергері Әбдіжәміл Нұрпейісов, төкпе күйдің төресі Қазанғап, жыр бұлағы Нұртуған аталарымыздың шығармашылығына жасынан қанып өскен, сол кісілердің ізбасары. Оның төкпе күйлері мен жалынды жыр-толғаулары және ерекше әндері халқының жүрегінен әлдеқашан орын алып үлгерді.
«Өмірге келгенім жоқ қапылыста,
Талпындым домбыра ұстап алты жаста.
Еліктеп жыршы, күйші ағаларға,
Солардың өнегесі болды нұсқа!» – деп өр тұлғалардан өнеге алған Мұрат ағамыздың өмір жолы бүгінгі буынға үлгі-өнеге.
Туған топықаққа деген құрметі биік тұлға «Мен туған жерімді тастап, атақ қуып, даңқ іздеп ешқайда кетпеймін. Мен Аралыма керекпін. Өнерімнің туын туған топырағыма, кіндік қаным тамған туған жеріме тіктім» – дейді.
Айта кету керек, өзгеше өнер Мұрат ағаның өзіне ғана емес, түгел әулетіне қонған. Яғни, ағамыздың әкесі Сыдық атамыз, анасы Балқын әжеміз де, жары Базар апамызбен қоса балалары мен бауырлары да өнерден кенде емес.
Елге жол түскенде ағамыздың қара шаңырағына арнайылып барып, ақ дастарханының үстінде Базар апамыздың балдай шайымен Мұрат ағамыздың мән-мағыналы әңгімелеріне сусынымыз қанып, батасын алып қайтқан болатынбыз.
«Жасымыз сексенге келгенімен әлі де өнерімізді, шығармашылығымызды елге арнауымыз керек деп талпынып жүрміз» деген ағамыздың шынайы сөзінен шығармашылық шабыт алып, «Өмірде талап түрі көп, соның ішінде өнер талабы өте күрделі, өте киелі халықтың рухани байлығы. Халықтың екі қанаты болса, соның оң қанаты – рухани, сол қанаты – тіршілік байлығы. Сол салада жүр екенсіңдер, Алла жолдарыңды оңғарсын» деген ақ батасын алып қайттық.
Арайлым АСЫЛХАНҚЫЗЫ,
Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «Дәстүрлі жыр» мамандығының 4-курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!